Бағдат Мусин министрлік атқарып жатқан жұмыстар туралы, соның ішінде электрондық үкіметті, ІТ-мәдениет пен адами капиталды дамыту жайлы айтты.

«Біз еліміздің ІТ-саласына үлкен көңіл бөліп, дамыту қарқынын күшейтіп жатырмыз. Қаржылық тұрғыда әлеуетті ІТ-компаниялардың ашылуына жағдай жасап, технологиялық кәсіпкерлік мәдениетін қалыптастырудамыз. Осы мақсатта идеялар, технологиялар мен цифрлық шешімдерге қолдау жасайтын  Astana Hub халықаралық ІТ-стартаптар технопаркі құрылды»,- деді министр.

Қазақстан  Astana hub қатысушыларына бірқатар жеңілдіктер жасады. Мысалы, олар салықтан босатылған және шетелдік жұмысшыларына еңбек визасын да оңай ала алады.

Кездесу барысында Бағдат Мусин ҚР ЦДИАӨМ мамандары бағдарламашы болғысы келетін талантты үміткерлерге тегін оқуға мүмкіндік беретін ваучер жүйесін жасағанын атап өтті.

«ІТ-саласындағы адами капиталды дамыту – біз үшін маңызды бағыттардың бірі. Қазіргі таңда Қазақстанда ІТ-кадрларды дайындайтын бірқатар инновациялық мектептер бар. Ваучерлік жүйенің арқасында  потенциалды үміткерлер үшін қаржылық мәселе шешіліп, бағдарламалау бағытындағы студенттердің саны арта түседі. Жоспарға сәйкес 2025 жылға дейін 20 мың грант бөлінеді», - деді цифрлық мекеме басшысы.

Сондай-ақ тараптар мемлекеттік органдар қызметіне цифрлық технологияларды енгізу жайын да талқылады. Бұл ретте БҰҰ-ның «электрондық үкіметті» дамыту рейтингісі бойынша қазір Қазақстан 29-орында. Соңғы 4 жыл ішінде біздің ел бірден 10 сатыға көтерілген. Ал электрондық қатысу көрсеткіші бойынша  (E-participation) 16 сатыға көтеріліп, 26-орынға тұрақтады.

Кездесу соңында қазақстандық және литвалық тараптар тек ІТ-саласында ғана емес, министрліктердің құзіретіне кіретін басқа да салалар бойынша серіктестік орнатуға ниет білдірді. Сонымен қатар цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі литвалық делегацияны биыл қыркүйек айының соңында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Digital Bridge 2022 форумына шақырды.