Әңгімелесу барысында Елші сұхбаттасушыға АӨСШК алтыншы саммитіне дайындық барысы туралы хабардар етіп, форумды халықаралық ұйымға трансформациялау жөніндегі қазақстандық төрағалығының бастамаларын талқылады. Әсіресе, Елші Азия кеңесінің  құрылғанына және Қазақстан мен Мысыр арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай, Кеңестің мәртебесіне сәйкес келетін трансформациялау үдерісін іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, ол трансформация үдерісі Кеңестің негізгі қағидаларын сақтай отырып, біртіндеп және кезең-кезеңімен жүргізілетініне назар аударды.

Қ. Лама Шариф 2022 ж. 12-13 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін АӨСШК-нің 6-шы саммитіне Мысыр тарапы ең жоғарғы деңгейде қатысатынына үміт білдірді.

Өз кезегінде И. Бадауи Қазақстанның соңғы отыз жылдағы Азия кеңесін қолдаудағы және оның қазіргі төрағасы ретіндегі қызметін күшейтуге бағытталған күш-жігерін жоғары бағалады. Ол АӨСШК-ні халықаралық ұйымға айналдыру және осы жұмысты ілгерілету үшін саяси талпынысты жұмылдыруын қолдайтынын білдірді.

Сұхбаттың соңында мысырлық дипломат Каир АӨСШК-мен ынтымақтастықты дамыту және оны толыққанды халықаралық ұйымға айналдыруға бағытталған консенсусқа қол жеткізу үшін жұмысын жалғастыратынын сендірді.