Мемлекет басшысы тапсырмасымен өкілеттіліктерді децентрализациялау шеңберінде аудандық маңызы бар жолдарды орташа жөндеуді аудан әкімдіктеріне беру көзделген. 2024 жылға жаңа жолдар салу және орташа жөндеу үшін қаржыландыру 34%-ға ұлғайып,  33 млрд теңгеден 44 млрд теңгеге дейін көбейді.

Жолдар инфрақұрылымымен қатар қоғамдық көлікті дамыту да басты назарда. Алматы қаласын 2025 жылға дейінгі дамыту бағдарламасын және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаларды іске асыру шеңберінде қоғамдық көлік қозғалысын жақсартумен қатар қаланың тұрақты транспорттық каркасы құрылып жатыр. Мәселен, биыл қаланың автобус паркі 1150 экологиялық таза автобусқа жаңартылды. 2024 - жылдан бастап жеке тасымалдаушылардың дизельмен жүретін автобустарды сатып алуына тыйым салынбақ. 

«Соңғы 11 жылда алғаш рет 100 троллейбус сатып алынды, 2024 - жылы тағы 100 бірлік сатып алу жоспарлануда. Бұл троллейбус паркін 100%-ға жаңартуға мүмкіндік береді. Алматыда метро белсенді дамып келеді. Биылғы жылы 3 қосымша жылжымалы құрам іске қосылды. Қозғалыс интервалы 5 минут 38 секундқа дейін азайды. Нәтижесінде метродағы жолаушылар легі 100 мың адамға дейін көбейді. Жалпы, 2023 - жылдың қорытындысы бойынша қоғамдық көліктегі жолаушылар легі тәулігіне 1,5 млн адамға дейін көбейді», – деді қала басшысы.

Мегаполистің көлік байланысын жақсарту үшін Бұқтырма - Құлжа трактісі көлік жолайрығы ашылды. Келер жылы Құлжа трактісі 6 жолаққа дейін кеңейтіледі. Саин көшесі мен Абай даңғылын қала шекарасына дейін ұзарту, сондай-ақ Сейфуллин – Жансүгіров және Саин-Мөңке би жолайрықтарының құрылысы аяқталады. Алматыға қаланың солтүстік, батыс және шығыс жағынан кіреберісте 3 көлікке ауысып отыру торабының құрылысы басталады. 

Сонымен қатар 2024 - жылы Райымбек даңғылының бойымен Ахрименко көшесінен Пушкин көшесіне дейін ұзындығы 9 шақырым BRT салынып, іске қосылады. 2025 жылы бұл желі тағы 8 шақырымға ұзартылады. Ол Ахрименко көшесінен Абай көшесі арасында салынатын болады.