Оның айтуынша, Қазақстан 42 елмен халықаралық тасымалдауды жүзеге асырады. Әр елде барлық ереже көрсетілген үкіметаралық келісім бар.

2022 жылы 155 мың бланкі алынды, оның 45%-ы ғана пайдаланылды. 2023 жылы 270 мың бланкі пайдаланылды, ол 67%-ды құрайды. Қытай Халық Республикасымен шекарада бланкілерді таратудың жаңа тетігі есебінен өсім байқалды. 

«Қолданыстағы механизм ашық емес, ол нарықтың кейбір қатысушысына белгілі бір басымдық береді. Жылдың басында бланкілердің 50%-ы белгілі бір тасымалдаушыларға тағайындалады, яғни оларда бір жыл ішінде бланкілердің кепілдендірілген көлемі болады. Біз бұл жүйені ашық емес деп санаймыз, ал бланкілердің қалған 50%-ы барлық басқа мүшелер өтініш бергеннен кейін жалпы резервке түседі. Белгілі бір тасымалдаушыларға бланкілерді бекіту, бланкілердің бұрын жұмыс істеген автокөліктерге ғана берілуі, көлеңкелі нарықта бланкілерді қайта сатуға жағдай жасалуы, жасанды тапшылық пайда болуы, адал тасымалдаушылардың бланкілерді ала алмауы қолданыстағы жүйенің кемшілігі болып табылады», – деді спикер.

Бланкілер көліктің нөмірі мен компанияның атауы көрсетілмей таза түрде беріледі. Бұл құжатты пайдалану үшін 100 күн уақыт беріледі. Сондықтан пайдаланылмаған бланкілер қайта сатылып кетуі мүмкін.

«Біз жүктерді тасымалдау фактісі бойынша бланкілерді тарату сынды жаңа шешімді ұсынамыз. Бұл нені білдіреді? Егер сізде белгілі бір тапсырыс болса, сіз «Е-лицензия» арқылы өтініш бересіз. Ол мақұлданғаннан кейін, сіз компанияның атауы бар бланкі аласыз. Болашақта біз автокөлік нөмірін көрсету нұсқасын қарастырамыз. Осылайша, бұл бланкіні қайта сатуға немесе үшінші тұлғаларға беруге кедергі келтіреді», – деп түсіндірді ведомство басшысы.

Ресімделген автокөліктің Қазақстан Республикасының аумағынан кетуі үшін тура 30 күн уақыт беріледі. «Бүркіт» жүйесімен интеграция жасалады. Ол көліктің белгіленген мерзімде шығып кеткенін немесе кетпегенін анық көрсетеді. Бұзушылық кезінде тәртіптік шектеулер қолданылатын болады. Қазақстанға оралғаннан кейін 30 күн ішінде құжаттарды көліктік бақылау инспекциясына тапсыру қажет.