Оның айтуынша, enbek.kz сайтындағы Цифрлық мансап орталығы бөлімінде жұмыс берушілерге де, жұмыссыз азаматтарға да қызмет көрсетіледі.

«Азаматтарға жұмыс іздеу, субсидияланатын жұмыс орындарына жолдама алуға байланысты қызметтер қолжетімді болады. Бізде жастарды жұмысқа орналастыруға бағытталған «Жастар тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс орны» деген жобалар бар. Зейнеткерлік жасқа дейінгі қызметкерлерді қолдайтын «Күміс жас» бағдарламасы іске қосылды. Ерекше еңбек қажеттіліктері бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін де қолдау шаралары бар. Бүгінгі таңда бізде көптеген құрал мен қолдау шарасы бар. Біздің қызмет халықты жұмыспен қамтып, табысын арттыруды көздейді.  Ол үш бағытта жүзеге асырылады. Біріншісі -жұмыспен қамту. Бірақ егер азамат тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналаса алмаса, онда біз оған уақытша мемлекет субсидиялайтын қызметті ұсынамыз. Егер азаматтың білімі мен дағдылары сұранысқа ие болмаса, онда жұмыс орнында немесе оқу орталықтарында қысқа мерзімді курстарға қатысуға болады. Сонымен қатар порталда онлайн оқыту қарастырылған. Егер адам жалдамалы жұмыс істегісі келмей, қандай да бір кәсіпкерлік бастамасы болса, біз оған кәсіпкерлік негіздерін оқытудың тегін курстарын ұсынамыз. Оларды электрондық еңбек биржасынан табуға болады. Содан кейін 400 АЕК көлеміндегі грант түрінде қолдау алуға болады. Осы жылы біз 9 мың грант беруді жоспарладық», – деді спикер.

Былтырдан бастап 2,5%-дық жеңілдікпен жастарды несиелендірудің жаңа құралы сұранысқа ие болды. Бұл бағдарлама биыл да жалғасын табады.