ОКҚ алаңында ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау Комитетінің төрағасы – Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов қызметкер зейнеткерлік жасқа толғанға дейін Арнайы әлеуметтік төлем алатынын атап өтті.

«4 сәуірге дейін 4 183 адам сомасы 665 млн теңгеден асатын арнайы төлем алды. Арнайы әлеуметтік төлемге байланысты бірқатар нормадан басқа «Қызметкерді еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» заңда еңбек жағдайларын жақсарту мақсатында жұмыс берушілердің алдын алу шараларына жұмсаған шығындарын өтеу жөніндегі нормалар енгізілді. Яғни, жұмыс берушінің сақтандыру компанияларынан қауіпсіздік жөніндегі қызметкерлердің білімін арттыруға түсетін қаражаттың 6%-ы шегінде, сондай-ақ оңалту шараларына жұмсалған шығыстарды төленген сақтандыру сыйлықақысының 6%-на дейін өтеуді талап етуге құқығы бар. Зардап шеккен қызметкерлерді әлеуметтік қорғауды күшейту мақсатында ҚР Азаматтық кодексінің 935-бабына өзгерістер енгізілді, оған сәйкес сақтандыру компаниялары залалды өтеген кезде қызметкердің кінәсі ескерілмейді», – деп түйіндеді спикер.

Министрлік өз алдына зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын едәуір қысқарту және өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету міндетін қояды. Қазақстанда 2024-2030 жылдарға арналған Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы бекітілді, ол ағымдағы жағдайды және еңбекті қорғауды басқару саласындағы әлемдік үрдістерді факторлық талдау негізінде қызметкерлердің еңбек жағдайларын жүйелі жақсартудың жаңа тәсілдерін қамтиды.