«Арал Рыбторг» ЖШС басшысы Қуаныш Өмірзақов қазіргі уақытта 15 гектар аумақтағы 4 тоғанда балық жіберу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

«Маусым айында 7 млн. 700 дана тұқы балықтары жіберілді. Күзге дейін тоғандардың ауданы 25 гектарға дейін ұлғайтылады, содан кейін қуаттылығы жылына 15-20 миллион шабаққа арналған инкубациялық цехты орнату жұмыстары басталады.  Тауарлы балықтың алғашқы партиясын 2025 жылы алуды жоспарлап отырмыз», – деді Қуаныш Өмірзақов.

Жобаның құны 150 млн теңге. Ал, қуаттылығы – жылына 300 тонна.

Кәсіпкер шаруашылықты дамытуда мемлекеттік қолдау шараларын пайдалануға ниетті.

Саланы мемлекет тарапынан қолдау балық шаруашылығын дамытуға үлкен қызығушылық тудырды.

Балық өсіру шаруашылықтары үшін салықтар 70%-ға төмендетілді, сондай-ақ салынған инвестициялардың 25%, жем-шөп құнының 30% мөлшерінде, шабақтарды, дәрілерін, балықтардың бағалы түрлерінің аналығын сатып алуға және балық өсіру-биологиялық негіздемесін әзірлеуге жұмсалатын шығындардың 50% көлемінде субсидия ала алады.

Балық шаруашылығы субъектілері үшін қаржылық қолдаудың бұл шаралары Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде қабылданды. Осы кезеңде саланы дамытуға 268,8 млрд теңге, тағы 340,5 млрд теңге бюджеттен тыс жеке инвестициялар бағытталады.