Іс-шараға Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев, облыстық мәслихат өкілдері, қалалар мен аудандардың әкімдері, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары және тағы басқалар қатысты.

Сөз басында Светлана Жақыпова Мемлекет басшысының әлеуметтік-еңбек саласындағы тапсырмаларын іске асыру туралы баяндады. Атап айтқанда, базалық зейнетақының кезең-кезеңімен ұлғаюы, ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табыстың көбеюі, Әлеуметтік кодексті іске асыру аясында әлеуметтік қолдау шараларының күшеюі, Отбасының цифрлық картасын енгізу нәтижелері, қазақстандықтарды жұмыспен қамту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабарлады.

Сондай-ақ, министр ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдістемесі, 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының, 2024-2029 жылдарға арналған еңбек нарығын дамыту, 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамалары туралы айтты.

Бұдан басқа Еңбекминінің басшысы ұзақ уақыт бойы зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істеген адамдарды әлеуметтік қорғауды күшейту, мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар және платформалық жұмыспен қамтуды реттеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.

Кездесу барысында Светлана Жақыпова өңірдегі ағымдағы жағдайды талқылап, бірқатар проблемаларды шешу жолдарын ұсынды.

Мәселен, Алматы облысының халық саны 1,5 млн адамды құрайды, оның 16% (246 мың) – қалалық, 84% (1,3 млн) – ауылдық. 2050 жылға қарай халық саны 61% - ға артып, 2,4 млн адамға жетеді.

Жұмыс күшінің саны – 751 мың адам, 2050 жылға қарай 1,1 млн (+44%) дейін өседі. Бүгінгі таңда жалдамалы жұмыскерлердің үлесі 68%, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың үлесі – 32%-ды құрайды. Жұмысқа жарамды жастар саны 400 мың адам (56%).

Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,6% құрайды. Өңірдегі орташа жалақы – 227,4 мың теңге, бұл жалпы республикалық көрсеткіштен төмен.

«Өңірде акушер-гинекологтардың, неонатологтардың, педиатрлар мен анестезиолог-реаниматологтардың тапшылығы, сондай-ақ ауылдық округтер мамандарының компьютерлік сауаттылығының төмен деңгейі байқалады. Мемлекет шығындары 164,3 млрд теңгені құрайтын ұлттық жобаларды іске асыру шеңберінде жыл басынан бастап 2,4 мың жұмыс орны немесе республика бойынша жалпы санының 4% ғана құрылды», – деп атап өтті министр.

ЕХӘҚМ басшысы медициналық мамандықтар бойынша кадрларды даярлауды ұлғайтуды және онлайн-оқыту арқылы қызметкерлердің компьютерлік сауаттылық деңгейін арттыруды ұсынды.

«Жыл сайын құрылатын сапалы жұмыс орындарының санын 2024 жылғы 98 мыңнан 2029 жылы 160 мыңға дейін ұлғайту қажет. 2025 жылға қарай жұмыссыздық деңгейін 4,5%-ға дейін төмендетуді, экономикадағы орта кәсіпкерлік үлесін 21,1%-ға дейін ұлғайтуды қамтамасыз ету. Халықты жұмыспен қамту саласында мемлекеттік қолдаудың барлық құралдарын қолдану қажет», – деп атап өтті ол.

Алматы облысының активімен кездесуде Светлана Жақыпова әлеуметтік-еңбек саласының бірнеше ақпараттық жүйелерінің мүмкіндіктерін көрсетті. Министр отырысқа қатысушыларды Еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасымен және еңбек қатынастары және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету салаларында мониторинг пен бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін Кәсіпорындардың цифрлық картасымен толыққанды таныстырды. Қазақстандықтардың әл-ауқатының деңгейін анықтаудың және проактивті форматта мемлекеттік қолдау шараларын көрсетудің негізгі құралы ретінде Отбасының цифрлық картасына және халықты жұмыспен қамту саласында қызметтер мен мүмкіндіктердің кең спектрін ұсынатын Электрондық еңбек биржасына ерекше назар аударылды.