Елге инвестиция тарту үшін Президенттің 2023 жылғы 4 желтоқсандағы Жарлығымен инвестициялық ахуалды жақсарту, сондай-ақ инвестициялық жобаларды уақытылы іске асыру үшін Инвестициялық штабтың дербес жауапкершілігі белгіленді. Елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында қазақстандық визаны шет елдердің тануы тұрғысынан «AIFC Multipass» жобасы іске асырылуда. Бұдан бөлек Көші-қон комитеті төрағасының бұйрығымен Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру мақсатында бизнес-көшіп келушілерді тарту бойынша Әдістемелік ұсынымдар бекітілді.
«Еңбек иммиграциясы бағыты. Қазақстандық жұмыскерлердің білімін трансферттеу және біліктілігін арттыру мақсатында сұранысқа ие шетелдік мамандарды тарту бойынша бірқатар кешенді шаралар қабылдануда. Ол үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 3 мамырдағы бұйрығымен шетелдіктердің Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алуы үшін сұранысқа ие кәсіптердің тізбесі кеңейтілді. Ғылым, білім, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, IT, спорт және мәдениет, басқа да бағыттар саласындағы сұранысқа ие кәсіптердің рейтингін қалыптастыру мақсатында Кәсіптер тізілімін қалыптастыру, жаңарту және жүргізу қағидалары бекітілді. Сондай-ақ сұранысқа ие кәсіптердің, жұмыскерлердің негізгі құзыреттері мен құнды дағдылары рейтингтерін қалыптастыру бойынша Әдістемелік ұсынымдар бекітілді», – деді спикер.
Келесі бағыт этникалық көші-қонды реттеуге қатысты. Жалпы, бүгінде тарихи Отанына қоныс аударатын этникалық қазақтар үшін бес бағыт бойынша мемлекеттік қолдаудың жаңа шарттары мен тетіктері іске асырылуда.
«Қандастарды қоныстандыруды реттеу үшін оларды аумақтарға саралай отырып, өңірлер бөлінісінде қоныстандырудың интерактивті картасы әзірленді. Жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған қоныстандыру өңірлерінде бейімделу және интеграция орталықтарын құру жөнінде шаралар қабылдануда», – деді ведомство өкілі.
Еңбек эмиграциясы бағыты бойынша бірқатар шара қолға алынды. Мәселен, Қазақстаннан келген еңбек мигранттарының еңбек және әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Израильмен келісімдер жасасу жұмыстары жалғасуда. Олар осы елдердегі Қазақстан азаматтарының еңбек қызметі мәселелерін реттейді. Бүгінгі таңда «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасынан келген жұмыскерлерді Қатар Мемлекетінде жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісімге қол қою туралы» ҚР Үкіметінің қаулысы қабылданды.
«Бұған қоса, Қазақстан азаматтарының шетелдегі еңбек қызметін ұйымдастыру бөлігінде жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктерінің қызметін реттеу тетіктері қайта қаралуда. Алматы, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарында қазақстандықтарды сапарға дейін оқытуға арналған орталықтар құрылды. Оның негізгі міндеті – шетелде жұмысқа орналасқысы келетін кандидаттардың тілдік курстардан өту, кәсіби біліктілігін арттыру», – деп хабарлады вице-министр.
Қоныс аударушылар мен қандастарды ынталандырудың оңтайлы моделін құру мақсатында оларды солтүстік өңірлерде бейімдеу мен интеграциялаудың жаңа алгоритмі әзірленді. Оны іске асыру үшін Қоныс аударушылар мен қандастарға бейімдеу және интеграциялық қызметтер көрсету жөніндегі ережелер әзірленді. Тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған қоныстандыру өңірлеріне қоныс аударған адамдар үшін тұрғын үй құнының 50% өтеу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты ұсынылады. Сондай-ақ халықты еңбек тапшылығы бар өңірлерге көшіруді ынталандыру бойынша өңірлік Жол карталары әзірленіп, іске асырылуда.
Көші-қон процестерін реттеу жүйесін цифрландыру басым бағыттардың бірі болып табылады. Келу мақсатына қарамастан Қазақстанға келетін шетелдік азаматтардың бірыңғай есебін, сондай-ақ көші-қон ағындарының мониторингі мен бақылауын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін «migration.enbek.kz» порталы құрылды. Жұмыс кезең-кезеңмен жүргізіледі.
Бүгінгі таңда 6 қызмет іске асырылды, 1 қазанға дейін көші-қон саласында тағы 3 қызмет, ал 2025 жылдың басынан бастап тағы 4 қызмет іске қосылады. Осы шаралардың барлығы «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін мигранттардың қозғалысын есепке алудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құруды көздейді. Жалпы, көші-қон саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар министрліктің тұрақты бақылауында.