Спикер форумға Мәжіліс депутаттары, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі Еуразиялық экономикалық комиссияның өкілдері, орталық мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер мен бизнес өкілдері белсенді қатысқанын атап өтті.
«Форум нәтижелері бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың тиімді жүйесін қалыптастыру бойынша ұсыныстар қабылданды, арасында заң жобасы бойынша жұмыс тобының қарауына жіберілетін ұсыныстар бар», – деді Асқар Тынысбеков.
Комитет басшысы 2024 жылы қоғамдық бірлестіктердің тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі жұмысқа қатысуы артқанын, мемлекеттік тапсырыстар сомасы едәуір ұлғайғанын және олардың тақырыбы кеңейгенін айтты. Халықтың саладағы мемлекеттік реттеуге қанағаттану деңгейі 70%-дан асты.
Қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінде «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заң жобасының жаңа редакциясы қаралуда. Бұл заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, азаматтардың өтініштерін талдау және мониторинг жүргізу, қоғамдық институттардың ұсыныстары және әлеуметтік зерттеу деректерінің нәтижелерін ескере отырып әзірленді.