Оның айтуынша, азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруға жергілікті атқарушы органдар жауапты.

«Шақыру комиссияларының төрағалары болып әкімдердің орынбасарлары тағайындалады. Медициналық комиссиялар жергілікті денсаулық сақтау органдарының өкілдері қатарынан жасақталады, олар әскерге шақырылушының әскери қызметке жарамдылығы тұрғысынан медициналық куәландыруды жүргізеді. Қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің өкілдері әскерге шақырылушылардың есебін жүргізеді және тізімдерді қалыптастырады. Ішкі істер министрлігінің өкілдері жалтарушыларды іздеумен және оларды шақыру пункттеріне жеткізумен айналысады», – деді спикер.

Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды мерзімді қызметтегі әскери қызметшілермен жасақтау, қорғаныс жүйесі дамыған көптеген мемлекеттердегідей, елдің қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Мерзімді әскери қызметтен өткен азаматтар қажет болған жағдайда Отанымызды қорғау үшін жедел жұмылдырылуы мүмкін әскери-оқытылған резервтің негізін қалыптастырады. 

Фархат Айдарбаевтың мәлімдеуінше, әскер – елімізді сыртқы жаудан қорғауды қамтамасыз ететін негізгі күш. Мемлекет қауіпсіздігі ұдайы әзірлікті қажет етеді, ал мерзімді әскери қызмет оны қорғайтын ер азаматтарды даярлайды.  Сондай-ақ ер азаматтар әскерде болған кезде тәртіпті, жауаптылықты сезінеді, әскери пәрмен беру мен топта жұмыс істеуді үйренеді. Бұл қызмет азаматтық жауаптылық, патриотизм, өз елін қорғауға дайындықпен қатар ұлт тұтастығы және қоғам үйлесімін қалыптастыратын  маңызды тірек болып табылады.