Бұл бастама Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің нақты нәтижесі.

Аталған маңызды жобаның уақыт капсуласы өткен жылдың желтоқсан айында салынған болатын. Содан бері жер жұмыстары толық атқарылып, күн электр станциясының кеңсе, жатын орын, қойма ғимараттары салынды. Ал бүгін негізгі қондырғыларды орнату жұмысы басталды.

Түркістан облысындағы 300 МВт қуатты фотоэлектрлік-энергия сақтау жобасының жалпы инвестиция көлемі шамамен 307 млн АҚШ долларын құрайды. Бұл – ШЫҰ саммитінен кейін қол қойылған Қытай мен Қазақстан үкіметаралық негіздемелік келісімі аясында іске қосылатын алғашқы жоба.

Құрылыс кезеңінде 500 жуық жұмыс орны ашылып, өңірдің экономикасы мен өнеркәсібінің дамуына нақты серпін береді. Іске қосылғаннан кейін станция жыл сайын шамамен 674 млн киловатт-сағат таза электр энергиясын өндіреді деп күтіліп отыр. Осы арқылы өңірдің энергетикалық балансының құрылымын жақсартуға айтарлықтай үлес қосып, Қазақстанның «жасыл» энергетикадағы үлесін арттырмақ.

 Күн электр станциясы 2027 жылы пайдалануға беріледі.