Судья мамандығына қол жеткізудің екі дербес жолы сақталған. Біріншісі – Сот төрелігі академиясында оқу, екіншісі – заң қоғамдастығының тәжірибелі өкілдері үшін жалпы біліктілік емтиханынан өту.
«Жоғары Сот Кеңесі алғаш рет заң қоғамдастығы өкілдеріне арналған ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысын ұйымдастырды. Жыл басынан адвокаттар, нотариустар, заң консультанттары және басқа да заңгерлердің қатысуымен 45 семинар өтті. Оларға 14 мыңнан астам адам қатысты. Нәтижесінде судья мамандығына қызығушылық артып, судьялыққа үміткерлер қатары тұрақты түрде көбейіп отыр», – деді спикер.
Жоғары Сот Кеңесі конкурстық іріктеу жүйесін одан әрі жетілдіру жұмысын жалғастыруда. Осы мақсатта кандидаттарды бағалау өлшемшарттарын жетілдіруді, балдық бағалау жүйесін кеңінен қолдануды, сот төрелігін жүзеге асыру сапасының көрсеткіштеріне, білім және ғылыми жетістіктерге, кәсіби беделге және өзге де объективті критерийлерге басымдық беруді көздейтін қолданыстағы Регламентке өзгерістер әзірленді.
Сонымен қатар соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестердің қызметін жетілдіруге бағытталған кешенді жұмыс жүргізілді. Бірыңғай бағалау өлшемшарттарын енгізу, қорытындылардың бірыңғай нысанын белгілеу, кандидаттар туралы мәліметтерді тексеру тәртібін нақтылау және рәсімдердің ашықтығын арттыру ұсынылады.
2027 жылдың соңына дейінгі цифрлық трансформация аясында Жоғары Сот Кеңесі судьяларды іріктеуге арналған өзінің ақпараттық жүйесінің бес негізгі модулін әзірлеуді аяқтады. 2026 жылдың екінші жартыжылдығында бос судьялық лауазымдарға жарияланатын конкурстарға қатысу үшін құжаттарды қабылдау жүйесін пилоттық режимде іске қосу жоспарланып отыр. Кейіннен осы цифрлық шешімдерді біліктілік емтиханын өткізу барысында да енгізу көзделуде.
Жаңа жүйе конкурстық рәсімдердің мерзімін қысқартуға, процестердің едәуір бөлігін автоматтандыруға, адами фактордың ықпалын азайтуға және кадрлық шешімдердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.