18 сәуірде палуан, әнші әрі композитор Балуан Шолақтың өміріне арналған жуырда жарық көретін «Балуан Шолақ» тарихи кинолентасы жарыққа шығады. Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген.

«Бұл - Балуан Шолақ туралы тұңғыш фильм. Сондықтан бұл фильмде Балуан Шолақ атамыздың бейнесін барынша шынайы көрсетуге тырыстық. Мен деректі фильмдер режиссері болғандықтан, бірақ деректі жұмыстар жасалды. Сценарий авторы Дулат Исабеков ағамыз. Сол кісінің Әуезов атындағы театрдың «Жау жүрек» деген пьессасының желісінде жазылды», - деді «Балуан Шолақ» фильмінің режиссеры Нұргелді Садығұлов.

Көркем туындының түсірілім жұмыстары Алматы облысының Жалаңаш және Кеген ауылдарында өткен. Көпшілік сахналарға үш жүзден астам адам қатысқан. Сондай-ақ, түсірілімдер Павлодар қаласында және Бурабай курортты аймағында жүргізілді.

«Бұл фильмді қолға алған себебіміз, мен 1998 жылдан бастап деректі фильмдер түсірдім, сол кездерден бері Балуан Шолақтың өміріне қызықтым. Оқуды бітірген соң Дулат ағамыздың пьессаларын көріп, әсер алып, ол кісінің батасын алдым. Дулат ағамыз қолдап, пьессаны берді, соның негізінде сценарий жазылды. Осындай белгілі тұлғалар туралы халыққа көбірек керек деп ойлаймын»,- деп атап өтті Нұргелді Садығұлов.

Айта кетсек, фильмнің ресми тұсаукесері 2019 жылдың 11 сәуір күні елорда төрінде өтеді.