«Central Asia’s Got Talent» (Орталық Азия таланттарды іздейді) телевизиялық жобасының іріктеу кезеңі басталды, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.

«Шоуға жас ерекшелігі мен талантының түріне қарамастан Орталық Азия елдерінің (Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан) кез келген өнерлі адамы қатыса алады. Байқау жеңімпазы кең танымалдылыққа және қомақты қаржылай сыйлыққа ие болады»,- деді «Central Asia’s Got Talent» шоуының бас продюсері Серік АКИШЕВ.

Жобаның шығу тарихын айта кетсек, Got Talent – Fremantle британдық компаниясының форматы. Авторы Саймон Коуэлл. 2006 жылы маусым айында аталмыш телебайқау «America’s Got Talent» деген атпен Америкада жарыққа шықты. Осы уақытқа дейін лицензия арқылы формат әлемнің 70 елінде жүзеге асырылған. 2014 жылдың сәуір айында Got Talent әлемдегі ең сәтті телевизиялық формат ретінде Гиннесстің рекордтар кітабына енді. Дәл сол кезде телебайқаудың франшизасы әлемнің 58 елінде көрсетілген.

Жоба Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінің азаматтарына арналған. Жоба 5 кезеңнен тұрады. Іріктеу, ашық тыңдалым, ширек финал, жартылай финал және ақтық финал. Бірінші кезеңде жобаға қатысушылардың өтініштері қабылданып, әрі қарай төрт елде іріктеу кезеңі өткізіледі», - деді Серік АКИШЕВ.

Жобаға қатысу үшін Орта Азия азаматтары +7 700 600 24 24 ортақ номеріне хабарлама жолдау, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі жобаның ресми парақшаларына хат жазып, өтініш білдіру арқылы қатысады. Сонымен қатар іріктеу тобы офф-лайн режимде де жұмыс істейді. 2019 жылдың қыркүйек айында Central Asia’s Got Talent шоуының тұсауы кесіледі. Ал 2019 жылдың желтоқсанында Гранд Финал өтеді.