Халықаралық театр күніне орай, балаларға арналған қойылымдар елімізде алғаш рет 3Д форматта қойылуда.

«MAXІMAGINЕ» компаниясымен бірігіп Қазақстанда тұңғыш рет балаларға арналаған спектакль 3Д форматта қойылып жатыр. Қойылымды 21 мен 31 наурыз аралығында Алматы қаласының көрермендеріне ұсынамыз», - деді Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры директоры Сәбит Әбдіхалықов.

Сонымен қатар, Әуезов атындағы театрдың «Халықаралық театр күні» мерекесіне орай көреременге ұсынылатын жаңа қойылымдарымен де таныстырып өтті.

«13-14 сәуірде М. Әуезовтың «Қарақыпшақ Қобыланды» дастан-драмасы бойынша «Қобыланды» спектакльінің премьерасы өтеді. 17-20 сәуірде «Қарашаңырақ» жаңа қойылымдар фестивалі болады. 21-31 сәуір аралығында Дағыстанда өтетін халықаралық театр фестиваліне Чеховтың «Сүйікті менің ағатайым» қойылымымен барамыз», - деді Сәбит Әбдіхалықов.

Сондай –ақ, 23 сәуір - 5 мамыр аралығында Венгрияда өтетін халықаралық театр фестиваліне «Қорқыттың көрі» спектаклімен қатысу жоспарда бар.

Айта кетсек, 1961 жылы Халықаралық Театр институты Вена қаласында өткен IX конгресінде 27 наурызды «Халықаралық театр күні» (World Theatre Day) деп бекітті. Жыл сайын көктем мезгілінің алғашқы айында бұл мерекені Халықаралық Театр институты мен дүниежүзіндегі театр қауымдастықтары атап өтеді. Бұл халықаралық мереке біздің елде де назардан тыс қалған емес.

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында жыл сайын дәстүрлі түрде «Театр көктемі» фестивалі ұйымдастырылады. Аталмыш фестиваль биыл жаңаша – «Қара шаңырақ – 2019» атауымен, шара аясында көрермендерге 93-маусымның төмендегі премьераларын ұсынбақ: «Ғасырдан да ұзақ күн», «Анна Каренина», «Ұлым, саған айтам...», «Сүйікті менің ағатайым» спектакльдері.