Қазақстандықтар 1 мамырдан бастап 8 тамызға дейін «Чекті талап ет – жүлдені ұтып ал» акциясына қатыса алады. Қатысушылар арасында күн сайын 100 смартфон ойнатылады.
«Акция кезінде Қазақстанның әрбір тұрғыны кез келген затты сатып алу немесе ақылы қызметті қолдану кезінде смартфон ұтып алу мүмкіндігіне ие болады. Тек тауарлар, жұмыстар және қызметтер үшін төленген сомаға берілетін чектерді «Таңдау» мобильдік қосымшасында тіркесе болды. Акцияға тек деректерді тіркеу және беру функциясы бар бақылау-кассалық машиналардың чектері қатысады», - деді ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Заңғар Шындали.
Қатысушы және чек туралы мәліметтерді тіркейтін «Таңдау» тегін мобильді қосымшасы App Store, Google Play market-те қолжетімді.
Акцияны өткізудің мақсаты азаматтық белсенділікті арттыру, азаматтардың тауар, жұмыс және қызмет тұтынушысы ретіндегі өз мүдделерін қорғау бойынша құқықтық мәдениетін қалыптастыру, көлеңкелі экономиканың мөлшерін қысқарту болып табылады.
«Акция шарттары бойынша чектің берілген күні мен уақыты ұтыс ойыны басталған күннен ерте болмауы тиіс. Бір қатысушы тіркейтін чектер саны шектелмейді», - деді Заңғар Шындали.
Акцияның толық шарттарын және қосымшамен жұмыс істеу жөніндегі нұсқаулықты www.trebui.kz сайтынан көруге болады.
Акцияны Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті фискалдық деректер операторымен бірлесіп ұйымдастырып отыр.