Астана қалалық әкімдігіне қарасты iKomek орталығының басшысы Жаннат Дүбірова астаналықтардың орталыққа көбінесе қандай мәселелермен хабарласатынын айтты, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.
«Бізге жиі келіп түсетін сұрақтар бойынша автоматты түрде талдау жүргізіледі. Ешқандай жеке-жеке бөлуді қажет етпей-ақ, ол мәселелердің қандай екенін айта аламыз. Астаналықтарды мазалайтын ең маңызды сұрақтардың алғашқысы - қоғамдық көлік қызметінің мәселелері. Екіншісі - қоғамдық денсаулық сақтау мәселелері бойынша сұрақтар. Яғни, елордалықтар ауруханалардағы қызмет сапасына қатысты өтінімдерді жолдап отырады. Үшіншісі - әртүрлі анықтамалық сұрақтар бойынша сауалдар келіп түседі. Халық көп жағдайда қандай бағытта қандай автобустар жүретінін, қандай мерекелік шаралар өтетінін білу үшін хабарласады», - дейді Жаннат Дүбірова.
Оның айтуынша, әр айдың 15-нен кейін орталыққа астаналықтардан коммуналдық төлемдер жайы бойынша сұрақтар көп түседі. Орталықтағы қызметкерлер коммуналдық төлемдер жүйесіне шыға алатындықтан, тұрғындардың ЖСН нөмірімен-ақ тиісті кеңестерді бере алады.
«Сонымен бірге, білім саласындағы сұрақтар жиі келіп түседі. Білім жайлы сұрақтар әсіресе бізде суық түскен кезде жиілеп кетеді. Яғни, қалалықтар бізге хабарласып, мектепте сабақ бола ма, жоқ па соны білгісі келеді. Біз осы сұрақ өте жиі қойылатындықтан, цифрландыру жолымен ақпаратты қалалық әкімдіктің сайтына орналастыратын болдық. Демек, біздің базаға ол туралы белгілі бір ақпарат келіп түсетін болса, ол интеграцияланған түрде әкімдіктің сайтына түседі», - дейді ол.