4 айдың ішінде 660 есірткіні өткізуге байланысты, ал 155 факті есірткіні ірі мөлшерде сақтауға қатысты қылмыстар тіркеуге алынды. Олардан 2 тонна 144 келі түрлі есірткі тәркіленген, деп хабарлайды ortcom.kz.

«Нақтырақ айтқанда 10 келі героин, 1 тонна 700 келі марихуана, 380 келі наша және 2,5 келі синтетикалық есірткі алынды. Үш ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Осындай қылмыстық топ ұйымдастырғаны үшін жетекшілері мен қатысушыларының үстінен 6 қылмыстық іс қозғалды», - деді ҚР Ішкі істер министрінің кеңесшісі Нұрділдә Ораз.

Аталған 4 ай мерзім ішінде 54 есірткі контрабандасы анықталып, олардың үстінен есірткі кірістерін заңдастыру фактісі бойынша 2 қылмыстық іс қозғалған.

«Есірткі қылмысының алдын алу жұмыстарына келсек, төрт ай ішінде 2 мыңнан астам әртүрлі іс-шара өткізілді. Соның ішінде түрлі акциялар, спорттық сайыстар, кездесулер, лекциялар және басқа да шаралар ұйымдастырылды», - деп атап өтті ҚР Ішкі істер министрінің кеңесшісі.

2017 жылы 430 есірткі сатушы сайт, ал 2018 жылы 5 мыңнан астам сайт бұғатталды. Биылғы 4 айдың ішінде 3,5 мың сайт анықталып, қызметі тоқтатылды.