Еліміздің барлық өңірлерінде аурулардың алдын алуға, салауатты өмір салтын, ересек тұрғындардан бастап балаларға дейін денсаулықты нығайтуды насихаттауға бағытталған 29 Ұлттық бағдарламалары енгізіліп жүзеге асырылуда.
«Қазіргі өркениеттің негізі, дені сау және рухани дамыған адам. Дені сау адам қоғамда белсенділік танытып, толыққанды өмір сүре алады. Біз денсаулықтың қадірін жете білген тұстан бастап салауатты өмір сүруге ұмытыламыз. Ал дұрысы, салауатты өмір салтын денсаулығымыздың сыр бергенін күтпестен ұстану», - деді ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаменті директорының орынбасары Зәуре Ахметова.
Оның айтуынша, бала кезінен дұрыс тамақтанып, гигиена ережелерін сақтап, дене белсенділігін арттырған адам 100 және одан да ұзақ өмір сүре алады.
Дүниежүзілік денсаулық күнін атап өту дәстүрі барлық денсаулық сақтау жүйесінің қызметімен, қауіпті аурулардың алдын алумен тығыз байланысты екенін де атап өтті
Қант диабеті, қатерлі ісік және жүрек аурулары сияқты инфекциялық емес аурулар дүние жүзіндегі барлық өлім-жітімнің 70% - дан астамының себебі болып отыр. Бұл сан 30 жастан 69 жасқа дейінгі адамдардың мезгілсіз өлімінің 15 миллионын қамтиды. Мұндай аурулардың таралуының өсуі - темекі тарту, дене белсенділігінің жеткіліксіздігі, алкоголь ішу, дұрыс тамақтанбау сияқты мінез-құлықтық қауіп-қатер факторларынан туындайды.
Айта кетсек, 7 сәуір –Дүниежүзілік денсаулық күні жыл сайын бүкіл әлемде аталып өтеді. Барша халықты салауатты өмір салты мен денсаулықты жақсартуға шақыратын денсаулық күнінің тарихына келсек, бұл күнді атап өту 1948 жылдың 7 сәуірінен басталған.