ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төраға орынбасарының міндетін атқарушы Қуат Рахымов Орталық коммуникациялар қызметінде қазақ-қырғыз шекарасында қалыптасқан жағдайға қатысты түсінік берді.
«Қазақ-қырғыз шекарасындағы ахуалды түсіндіре кетейін. Бұл жағдайдың қалай басталғанын айта кетсем: осы жылдың қаңтар айынан бастап мемлекеттік кірістер органдары ҰҚК қызметкерлерімен бірге шекарада экономикалық қауіпсіздік саласында бақылау жүргізіп келеді. Ең алдымен, қосымша салықтарды төлеу мәселесіне тоқталсам. Мәселен, егер белгілі бір тауар қырғыз тарапынан біздің елге тасымалданатын болса, олар Қазақстанда міндетті түрде қосымша құн салығын төлеуі керек. Мысалы, транзит бойынша белгілі бір тауар Қырғыз Республикасынан Ресейге тасымалданатыны туралы хабарланады да, жүк Қазақстан-Ресей шекарасына жетпей жатып, біздің елде қалып, біздің нарықта «сіңіп кетеді». Осы себепті, қосымша салық мәселесінің басы ашық күйінде қалады», - деді Қуат Рахымов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуына қарағанда, жүктердің құжаттарына қатысты мәселе де өзекті.
«Мысал үшін қырғыз тарапынан бізге құжат бойынша бір тауар келе жатқаны хабарланғанымен, елімізге жеткенде әлгі тауардың құжатқа сәйкес еместігі анықталады. Демек, тауарлардың мөлшері, құны басқа болып шығады. Одан бөлек, үшінші елдерден Қырғызстанға жеткізілетін тауарларға талдау жүргізіп көрдік. Бұл жағдайда тауарды импорттаудың құрылымы қатты өзгеріп кетті ме деген қаупіміз бар. Біз тауардың кедендік-бақылау құнының төмендетіліп отырғанына қатысты үрейіміз жоқ емес. Мәселен, соңғы талдау жұмыстарына сүйенер болсақ, осы жылдың алғашқы тоқсанында Қырғызстанға 9 мың тонна грек жаңғағы жеткізілген. Оның үстіне, келісі ол жақта 41 цент (АҚШ-тың ақша бірлігі) болған. Ал дәл сол жаңғақ біздің елде келісіне 90 центпен сатылуда. Міне, бақылау бағасында бізде осындай айырмашылық жатыр», - дейді ол.
Қуат Рахымов қырғыз тарапынан жөнелтілетін тауар шекарада мүлдем басқа болып шығатынына алаңдаушылық білдірді.
«Осыған байланысты 27 наурыздан бастап шекарадағы бақылау шараларын күшейттік. 27 наурыздан 4 сәуірге дейін 1080-ге жуық автокөлік өткізілген еді. Алайда, 114 көлік бірден кері бұрылып, қадағалау жұмыстарын жүргізуге қарсы екендіктерін білдірді. Міне, олар осы әрекеттерімен жүк пен тауар бойынша мүлде сәйкессіздік барын мойындап отыр. Ал құжат пакеті толық көліктер 15-20 минуттың ішінде біздің шекараны кесіп өтіп, жолдарын жалғастыруда», - дейді Қуат Рахымов.
Еске сала кетсек, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Қырғызстанмен шекарада қалыптасқан автокөліктердің кептелісіне қатысты бұған дейін де түсінік берген болатын.