«Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрмесінде еліміздің сыртқы саясаты, Тұңғыш Президенттің әлем державалары басшыларымен хаттары, Нұрсұлтан Назарбаевтың салмағы мен еңбегінің маңызын таныған әлем көшбасшыларының жеке ілтипаттарының белгісін көрсететін архивтік материалдар арқылы ұсынылған.
«Көшпелі көрменің артықшылығы – оның аясында көпшілік назарына ұсынылатын жәдігерлерді Назарбаев орталығы келушілерінің өзі күнде көре алмайды. Осы орайда аймақ тұрғындарының тың, маңызды жәдігерлермен танысуда «жолы» болып тұр», - Елбасы Кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов.
Айтуынша, Тұңғыш Президентіміздің жоғары мемлекеттік марапаттарының топтамасы келушілерді ерекше қызықтырады.
«Бұл марапаттар – Елбасымыздың жоғары халықаралық беделінің, достықты, бірлік пен келісімді дамытқаны, әлемдік ядролық қарусыздандыруды белсенді ілгерілеткені үшін халқымызға деген ілтипаттың куәсі», - деді ол.
Айта кетсек, «Әулие апостол Андрей Первозванный» ордені - Ресей Федерациясының жоғары наградасы. 17 ғасырда бекітілген алғашқы ресейлік марапат, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлер айрықша еңбегі үшін марапатталған. Әр кезеңде осы орденмен Наполеон Бонапарт, Александр Суворов, Михаил Кутузов, Петр Багратион марапатталған. Н.Ә.Назарбаев Ресей мен Қазақстан арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан жеке зор үлесі үшін аталған орденмен марапатталды. «Пий ордені» – Ватикан мемлекеті мен Қасиетті Тақтың ең жоғары наградасы. Нұрсұлтан Назарбаев Пий орденімен мемлекетті басқарудағы шеберлігі мен таланты үшін, сондай-ақ қазіргі өркениет заманындағы теңдессіз дінаралық келісім үлгісін қалыптастырғаны үшін марапатталған.
Аталған наградамен әлемде 15 тұлға ғана марапатталған. Олар - бұрынғы немесе қазіргі мемлекет басшылары. Олардың қатарында Испания королі Хуан Карлос ІІ және АҚШ-тың бұрынғы президенті үлкен Джордж Буш бар.
«Марапаттардың түпнұсқасы арқылы отандастарымыз тек қана Қазақстанның өркендеуі мен гүлденуіне емес, әлемнің дамуы мен жаһандық бейбітшілікке де қосқан Елбасының аса құнды үлесін көріп білсе, сезінсе дейміз. Мемлекет басшыларының, белгілі ғылым, мәдениет және өнер көрнекті қайраткерлерінің қолтаңбасы бар тартулары Елбасының беделі мен әлемдік тануын дәлелдей түседі. Бұл кітаптар көшпелі көрме экспозицияларында ұсынылады», - деп атап өтті Әмірхан Рахымжанов.
Жалпы, көшпелі көрме интерактивті «Президент қызметінің хроникасы», санды фотоальбомдар, құжаттар кинохроникасын көруге арналған бейнезона және басқаларынан тұратын бірнеше бөлімді құрайды.
Жобаның маңызды ағартушылық мақсаты да бар. Мысалға, тақырыптық экскурсиялар - оқушылар мен студенттерге ел тәуелсіздігінің тарихы, Тұңғыш Президент-Елбасының өмірбаяны туралы тың деректер беретін білім беру тақырыптарын ашады.
«Арнайы әзірленген ғылыми әдістеме негізінде біздің қызметкерлер дәуірдің мазмұны мен қоғамдық сананың дамуын анықтаған тарихи үдерістер мен оқиғалардың мәнмәтініндегі Ұлт көшбасшысының жолы туралы баяндайды», - деді ол.