Орталық коммуникациялар қызметінде Бас Прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов қылмыстық заңнаманы жаңғырту, сондай-ақ, жыл басыннан бергі елдегі қылмыстық жағдайлардың жай-күйі туралы айтты.
"Ізгілендірудің үшінші сатысы қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатын шекті мәндерден аса отырып, экономикалық және салықтық құқық бұзушылықтарға қатысты болды. Мәселен, салықты төлеуден жалтару бойынша (ҚК 245-бабы) ірі залал 20 мың АЕК-ден 50 мың АЕК-ге дейін (48 млн. теңгеден 120 млн. теңгеге дейін), аса ірі залал – 50-ден 75 мың АЕК-ге дейін (120 млн. теңгеден 180 млн. теңгеге дейін) ұлғайтылды",- деді Марат Мұратұлы.
Ал жеке тұлғалар үшін салықтарды төлемеу бойынша залал шегі 10 есеге ұлғайтылған. Яғни, 2 мыңнан 20 мың АЕК-ге дейін.
2018 жылы Қылмыстық процесті жаңғырту туралы Заңның қабылдануымен теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар бойынша сот ісін жүргізу жеңілдетілгенін де атап өтті.
"Адамдарды 48 сағатқа дейін, кәмелетке толмағандарды – 24 сағатқа дейін ұстау мерзімі қысқартылды. Экономикалық қылмыстар бойынша сотқа дейінгі қамаққа алуға тыйым ендірілді, нақтырақ, 6 аса ауыр қылмыс құрамын қоспағанда", - деді ол.
Нәтижесінде алдыңғы жылы ұсталғандардың 80% (10455-тің 8 392-сі) екі тәулік ішінде сотқа жеткізілген.
«А.ж. 3 айда ұсталғандардың саны 17%-ға төмендеді (3314-тен 2742-ге дейін), қамаққа алулар саны 13% (3011-ден 2633-ке дейін) төмендеді. Үйқамаққа алынған адамдар саны 2 есе (98-ден 229-ға дейін), ешқайда жол жүрмеу туралы қолхаттар саны 5 есе (526-дан 3121-ге дейін) өсті»,- деп атап өтті Марат Мұратұлы.
Сондай-ақ, адвокаттардың өкілеттіктерін кеңейту есебінен қылмыстық процестің жарыспалылығы артқан.