2019 жылдың көктемінде ҚР Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына кейінге қалдырылуға және шақырылудан босатылуға құқығы жоқ 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтарды шақыру жоспарлануда.
Көктемгі шақыру науқаны қарсаңында Қорғаныс министрінің қатысуымен қорғаныс істері жөніндегі департаменттер және басқармалардың бастықтарымен семинар өткізіліп, өзекті мәселелер талқыланды, сондай-ақ ЖӘБО-ның қызметін одан әрі жетілдіру бойынша оңтайлы шешімдер дайындалды.
«Тың өзгерістерді ескере отырып, шақыру барысында заңнамалық деңгейде мерзімді әскери қызметті өткеруден жалтаруға тырысатын адамдар ерекше бақылауға алынады. Сондай-ақ олардың тарапынан шағымды болдырмай шақырылушылар және олардың ата-аналарымен сапалы ұйымдастырылған жұмысты өткізуге назар аударылды», - деп мәлімдеді ҚР Қарулы Күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы Ардақ Кукатов.
Сонымен қатар, мерзімді әскери қызметке азаматтарды шақыру кезінде сыбайлас жемқорлық заңнамасы мен мінез-құлық әдебін міндетті түрде сақтау жөнінде шаралар қарастырылған.
Ағымдағы жылғы 1 наурызынан бастап «Әскери қызмет пен әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР 2012 жылғы 16 ақпандағы Заңына, сондай-ақ «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметшілердің запасқа босатылуы және 2019 жылғы наурыз-маусым және қыркүйек – желтоқсанда ҚР-ның азаматтарын мерзімді әскери қызметке шақыру туралы» ҚР Президентінің 2019 жылғы 13 ақпандағы №840 Жарлығына сәйкес шақыру және медициналық комиссиялар ҚР Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын жас толыммен сапалы жасақтау жөніндегі жұмысқа кіріскен болатын.