Атырау облысындағы Теңіз кен орнында жаңа полиция бөлімшесі ашылды, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі «ҚазАқпарат» ХАА сілтеме жасап.

«Бөлімше 40 мыңға жуық адам тұратын Теңіз вахталық кентінде ашылды. Олар үшінші зауыттың құрылысында жұмыс істейді. Кенттегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етумен 27 полиция қызметкері айналысатын болады», - деп хабарлады аймақтағы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жаңа ғимаратта кезекшілік бөлім, тергеуші мен ұсталған азаматтарға арналған арнайы бөлме жасақталған. Күдікті тұлғаларды тергеуге арналған бөлмеге аудио және видео құрылғылар орнатылған.

Айта кетейік, Теңіз кен орнында мұнай өндірісін жылына 28 млн тоннадан 39 млн тоннаға дейін арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба бойынша вахталық тәсілмен 100 мыңға жуық адам - тұтас қала тұрғындары жұмыспен қамтылатын болады.