Мемлекет басшысы Астананың сенімді диалогқа, берік сауда және инвестициялық байланыстарды одан әрі нығайтуға негізделген екіжақты серіктестіктің жаңа кезеңіне жол ашуға дайын екеніне тоқталды.

Президент бүгінгі 46-шы Сингапур лекциясында аймақтық қауіпсіздік, тұрақтылық және орнықты даму тақырыбы бойынша сөз сөйлеу зор мәртебе екенін жеткізді.

Өз кезегінде Сингапурдың аға министрі Тео Чи Хин Оңтүстік-Шығыс Азияны зерттеу институтына келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Ол әлеуметтік-саяси үрдістерді, өңірдегі қауіпсіздік мәселелерін және экономикалық жағдайды зерттеуде Қазақстан Президентінің дәрісі өзекті саналатынына тоқталды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы мен Сингапурдың аға министрі халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Тео Чи Хинге өзінің «Беласу» кітабының ағылшын тіліндегі нұсқасына қолтаңба берді. Айта кетерлігі, Тео Чи Хин бұл кітапты Қазақстанға жасаған сапарында сатып алып, зор ықыласпен оқып шыққан.