Жиынға Маңғыстау ауданы әкімдігінің бөлім басшылары, қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депуттары, ауданға қарасты барлық ауыл әкімдері қатысты.

Маңғыстау ауданының әкімі Ғалымжан Ниязов ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жоспарының 10 бағытын атап өтті. Солардың бірі - ауыз су бойынша, ел Президентінің тапсырмасына сәйкес аудан бойынша 5 елді мекенге су тұшыту қондырғысы мен су қоймасын салу жұмыстары жүріп жатыр.

- Жоспарларға тоқталатын болсақ, білім саласы бойынша, 19 мектепке еңбек кабинеті қажет. 17 мектепке ашық спорт алаңы, оқушыларды мектепке тасымалдауға 8 автобусқа қажеттілік туындап отыр. Құрылыс саласына келсек, Жыңғылды ауылынан салынып жатқан спорт залға биыл 453,9 млн теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Шетпе ауылындағы 2 қабатты 26 пәтерлі шағын отбасылық ғимаратты қайта құрылымдау жұмыстары да жалғасуда, - деді Ғалымжан Ниязов.

Қайта жөндеуді, кеңейтуді, абаттандыруды қажет ететін нысандар - Ақшымырау ауылындағы «Қаралда балуан» спорт кешені, Шайырдағы «Қызғалдақ» бала бақшасы, Тиген елді мекеніндегі медициналық пункт, Жармыш ауылдық мәдениет үйі сынды ғимараттар. Автокөлік жолдары бойынша, Шетпе-Қызан автокөлік жолын қайта құрылымдау, Шетпе ауылы Ащыбұлақ шағын ауданындағы автокөлік жолының құрылысы, Шебір ауылішілік автокөлік жолы, Отпан тауына кіре беріс автокөлік жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев ең алдымен жұмыссыздық, ауыз су, мектеп сынды мәселелерді шешу керектігін атап өтті. Ол үшін қарастырылған қаражатты да ең алдымен әлеуметтік салалардың негізгісіне жұмсау қажет.