«Биыл 8 айдың қорытындысы бойынша нақты көлем индексінің өсімі өңдеу өнеркәсібінде 5,8 пайызды құрады. Бұл ретте ең үлкен өсім көрсеткен салалар фармацевтика, құрылыс материалдарын өңдеу саласы - 10 пайызға асты, машина жасау саласы. Айта кетерлік жайт, өңдеу өнеркәсібі секторларының ішінде ең қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі – фармацевтика және машина жасау салалары. Мұнда былтыр өсім 16 пайыз болса, биыл 8 айдың қорытындысы бойынша 24 пайызды құрап отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша машина жасау саласында өңдеу өнеркәсібінің көлемі тарихта алғаш рет қара металлургия өңдеу өнеркәсібінен 10 пайызға асты. Яғни, 1,8 трлн теңгені құрады», - деді спикер. 


Вице-министрдің айтуынша, өңдеу өнеркәсібін 1,5 есе көтеру үшін екі бағытта жұмыс атқарылуда. Біріншісі, қазіргі өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету. Бұл салада қазір 17 мыңнан астам кәсіпорын қызмет етеді. Екінші мақсат – жыл сайын жаңа жобаларды іске қосу. Бұл ретте биыл 128 жаңа жоба пайдалануға берілмек. Нәтижесінде ел экономикасына 1,2 трлн теңге инвестиция тартылады. Жалпы, 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.