«Негізгі қызметтерге тең қолжетімділік» бағыты бойынша  инфрақұрылымды кешенді дамыту бойынша 2  тапсырманы шешу және «Жайлы тұрғын үй» жаңа тұрғын үй бағдарламасын сіске асыру көзделеді. Инфрақұрылымды кешенді дамыту 16 мың шақырым сумен жабдықтау және су тарту желісін, 46 топтық су құбырын, 875 шақырым нөсер кәрізі мен арық жүйесі желісін салу мен қайта жөндеуді көздейді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде ауыл ішінде 12 мың шақырым инженерлік желі, 10 мың шақырым кентішілік жол және 1,5 мың әлеуметтік нысан салынып, жөнделеді. Нәтижесінде қала халқы ауызсумен және ағын суларды тазарту жүйесімен толықтай қамтамасыз етіледі. 3,5 мыңнан астам ауылдың инфрақұрылымы Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес жаңғыртылады. «Жайлы тұрғын үй» жобасы шеңберінде тұрғын үй құрылысына 13,5 трлн теңге инвестиция тартылады. 185,1 мың адам үшін жеке тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалға алу, 102,3 мың бірлік әлеуметтік жалға беру құрылысын салу шығыстарын субсидиялау көзделген және кредиттік тұрғын үй салу, жұмыс істейтін жастар үшін 15 мың бірлік тұрғын үй салу, сондай-ақ ауылда 2,9 мың жалға берілетін үй салу бойынша жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау көзделген. Жалпы, 103 млн. шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға беріледі. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін 235 мың жер учаскесі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. 
«Көліктік байланысты қамтамасыз ету» бағыты шеңберінде ішкі көлік желісін дамыту және аумақтардың байланысын арттыру көзделеді. 


«11 мың шақырым республикалық маңызы бар және 27 мың шақырым жергілікті жол салынып, жөнделеді. Бұл жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар жолдың үлесін 100%-ке дейін және жергілікті маңызы бар автожолдың үлесін 95%-ке дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Аумақтардың байланыстылығын арттыру үшін бірқатар ірі жобалар іске асырылады. Атап айтқанда, екінші жол құрылысын салу мен «Достық–Мойынты» учаскесін электрлендіру Қытай-Еуропа-Қытай жолының өткізу қабіілетін арттыруға мүмкіндік береді. 


«Дарбаза–Мақтаарал» теміржол желісін салу Сарыағаш стансасының өткізу қабілетін 2 есеге арттырады. «Түркістан – Шымкент–Ташкент» жоғары жылдамдықты магистралын салу барлық өңірдің туристік және инвестициялық тартымдылығын едәуір арттырмақ. Алматы стансасын айналып өтетін теміржол желісін салу жобасы жүк арту мерзімін 2 тәулікке қысқартуға мүмкіндік береді», - деді ведомство басшысы. 


Аумақтардың байланысын арттыру шараларын іске асыру транзит көлемін 30 млн тоннаға, оның ішінде контейнерлерді 1,6 млн тоннаға ұлғайтуды қамтамасыз етеді.  


Үш ұлттық жобаны тиімді іске асыру орнықты экономикалық өсуді 5%-дан төмен емес деңгейде қамтамасыз етуге, халықтың табысын 27% - ға арттыруға және еліміз  бойынша 450 мың тұрақты жұмыс орнын құруға, сондай-ақ Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттілік рейтингінде инфрақұрылым сапасы бойынша Қазақстанның ұстанымын 40-орынға дейін жақсартуға мүмкіндік береді.