Ол Орталық коммуникациялар қызметінде журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, оқиғаның жалғасын айтып берді.  


«Бірден айта кетейін, Алматы облысында көмір тапшылығы жоқ. Бұл мәселені мен жеке бақылауымда ұстаймын. Мен әрдайым «сәуір айында осы жылдың жылыту маусымы аяқталғанда, келесі күні біз келесі жылыту маусымына дайындықпен айналысуымыз керек» деп айтамын. Бізде тұтас жүйе әзірленген. Бізде әлеуметтік-мәдени тұрмыстық нысандар өте көп: ауруханалар, мектептер мен балабақшалар. Бір жерде қатты, бір жерде сұйық отын қажет, басқасы газға ауыстырылды. Сонымен қатар, біз халықты арзан қолжетімді сапалы көмірмен қамтамасыз етуге тиіспіз. Бұл үшін Алматы облысының аумағында 77 тұйық бар. Біз трейдерлік компаниялармен келісімшарт жасастық, олар уақытында көлемді қамтамасыз етеді. Елді мекендерді газдандыруға байланысты тұтыну азаюда. Мектептер мен ауруханаларға 2-3 айлық қор әкелеміз. Халыққа арналған көмір 1,3 млн тонна. Жылыту маусымы басталғанда халыққа 70 пайыздан астам көмір жеткізілді. Өзіне әкеліп дайындайтындар, көмір алып алды. Еш жерде кезек жоқ. Сарыөзекте түсірілген кадр - тиегіштегі әйел - Алматы облысында көмірдің жетіспеуінен шөмішке шығып алған деп көрсетті... Мен соңына дейін анықтадым: ол өмір бойы сонда жұмыс істейді, бизнеспен айналысады, оның үш жүк машинасы бар. Сол жерден көмір алып, үстінен баға қосып сатады. Тіпті салық басқармасына, полицияға да істің мән-жайын анықтауды тапсырдым: олар неге біздің көмірімізді сатып, табыс табады?  Көмір жоқ сияқты болып көрінді. Сол күні 10 вагоннан көмір түсірілді, 20-сы жолда болды. Әр вагонның нөмірі бар, күн сайын менің адамдарым тексереді... Олар көп жылдан бері жұмыс істеп келеді және бұл жұмысты қалай жүргізу керектігін біледі. Барлығы ұдайы бақылауымызда», - деп түйіндеді Баталов.  


Айта кетейік, облыстың әр қаласында аз қамтылған және көп балалы отбасыларға көмір дайындауға кәсіпкерлер де көмектеседі. Әр елді мекенге 100 тоннадан тегін жеткізіледі.