«Пандемияның барлық қиындықтарына және оған байланысты қабылданған шектеулерге қарамастан, Алматы өз әлеуетін арттыруды тоқтатпады және Тәуелсіздіктің 30 жылдығында қалпына келтірудің жоғары қарқынын көрсетуде. Жыл басынан бері Алматы экономикасы 5,5%-ке өсіп, 5,8 трлн теңгені құрады. Бюджетке түсетін түсімдер 28,7%-ке, яғни 2,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Өнеркәсіпте 18% өсім қамтамасыз етілді. Жыл соңына дейін Индустриялық аймақта 4 жаңа жобаны іске қосу, 519 жұмыс орнын құру жоспарлануда. Бұл жобалардың қатарына ПТР-тест өндірісі бойынша шетелдік қатысуы бар маңызды жоба кіреді», - деді қала әкімі. 


Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тежеу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 


«Алматы – капитал мен жеке бизнес қаласы екені баршаңызға мәлім. Қала экономикасының өсуін қамтамасыз етуде шағын және орта бизнес жетекші рөл атқарады, ол экономиканың барлық салаларында: қызмет көрсету, сауда, құрылыс және өнеркәсіп салаларында жұмылдырылған.  Жыл басынан бері шағын бизнеске несие беру көлемі 1,4 есе өсті. Қалалық бағдарламалар бойынша несиелеу бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 55%-ке өскенін атап өткен жөн. Қабылданған шаралардың арқасында жыл басынан бері шамамен 55 мың жұмыс орны құрылды. Нәтижесінде жұмыссыздық 5,1%-ті құрайды. Үшінші тоқсанда орташа айлық жалақы 20%-ке көбейіп, 283,7 мың теңгені құрады», - деді спикер.