"Білімді ұлт" Сапалы білім беру" ұлттық жобасы Жоғары білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігі мен халықаралық беделін арттыру мақсатында іске асырылуда. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.

Осының арқасында халықаралық аккредиттеуден өткен жаһандық білім беру бағдарламаларын іске асыруға қол жеткізіледі, шетелдік әріптестермен академиялық алмасулар кеңейтіледі. 2025 жылға қарай бес жетекші шетелдік ЖОО-ның филиалдары жұмыс істейтін болады. 2021-2022 оқу жылына контингенттің жалпы саны 623 839 адамды құрады. ЖОО барлығы – 120.

2021 жылы түлектердің жұмысқа орналасуы 68,9% құрайды. Профессор-оқытушылар құрамының жалпы саны – 36 мың адам.

 

"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес гранттар саны 2020 жылы 65 мыңнан, 2022 жылы 88 мыңға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ, студенттердің шәкіртақысы да артып келеді. Мәселен, бакалавриат студенттеріне – 36 мың теңге, докторанттарға-150 мың теңге қарастырылған. 2025 жылға дейін студенттердің стипендиясы тағы 2 есеге, магистранттар мен докторанттарға – 1,5 есеге артады", - деді ғылым министрлігінің басшысы.

Ол сондай-ақ жоғары білім беру саласының негізгі назары мамандарды даярлауға аударылғанын (92%), магистратура деңгейінде – 5,8%, докторантура деңгейінде – 0,94% ғана оқып жатқанын атап өтті.

"Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру" бағыты бойынша негізгі көрсеткіш — екі отандық университеттің QS Халықаралық рейтингінің ТОП–200 қатарына кіруі. Жоғары оқу орындарының QS беделді рейтингісіне қатысуының 9 жылы ішінде оң динамика байқалады. Егер 2013 жылы 8 ЖОО қатысса, бүгінде олардың саны екі есе өсті. 2022 жылы рейтингке 16 қазақстандық ЖОО кірді. Оның ішінде топ-500 құрамына 5 ЖОО кірді: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, М. Әуезов атындағы ЕҰУ,  Қ. Сәтпаев ҚазҰТЗУ, ҚазҰАУ. Топ-200 қатарына Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті кірді.

"Бұл қазақстандық жоғары оқу орындарының тынымсыз жұмысының нәтижесі. Себебі олар әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орындарымен қатаң бәсекелестік жағдайында осы ұстанымдарға қол жеткізуі керек. Бұл ретте біз рейтингке қатысатын жоғары оқу орындары санының тұрақты өсу үрдісін байқап отырмыз", – деп атап өтті С.Нұрбек.