Балабақшалар бойынша
Министрдің мәлімдеуінше, бұған дейінгі негізгі мақсат 3-6 жастағы балаларды қамту болса, енді Президент тапсырмасына сәйкес 2 жастан бастап қамту міндеті қойылып отыр. Ол үшін балабақшаларда жаңа орындарды ашу жоспарланып отыр. Келесі жылдың өзінде биылмен салыстырғанда 2,5-3 есеге көп орын ашылады.
Жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігі өзгертіледі. Балабақша қызметінің сапасын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылданатын болады.
Орындарды бөлудің ашықтығын қамтамасыз ету және қайталануды болдырмау үшін балабақшаларға орталықтандырылған бірыңғай кезек енгізіледі.
Бұл балабақшалардағы кезекке тұруды, берілген жолдамаларды бақылауға, орындарды бөлу кезінде тәуекелдерді болдырмауға мүмкіндік береді.
«Сонымен қатар әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалар бюджет қаражаты есебінен тегін тамақпен қамтылады. Бұл ерекше маңызға ие бастама. Неге десеңіздер, ата-аналар әлеуметтік қиын жағдайда болуына байланысты балалары үшін балабақшадағы тамаққа төлейтін ақшалары болмағандықтан, баланы кезекке де қоймайды, балабақшаға да бармайды. Сондықтан мектепке де дайын емес болады. Толыққанды тамақтанудың болмауы баланың денсаулығына зақым келтіреді», — деді А. Аймағамбетов.
Енді Президенттің тапсырмасына сәйкес 150 мыңнан астам бала тамақпен қамтылатын болады. Ол өз кезегінде баланың одан әрі дұрыс дамуына, болашағына ықпал етеді.
Тағы бір көпшілік көтеріп жүрген мәселе – 1-4-сыныптарды тамақпен қамтамасыз ету. Бұл мәселе Президент бағдарламасында көзделген. Осылайша, 1 млн-нан астам балаға бір мезгіл тегін ыстық тамақ берілетін болады.
Оқу-ағарту министрінің айтуынша, бағдарламада балалардың денсаулығына ерекше назар аударылған. Оқушылар үшін 50 сауықтыру лагері құрылады. Олардың әдістемелік және мазмұндық жағы да қарастырылатын болады.
Балаларды үйірмелермен және секциялармен қамтамасыз ету үшін бұрын соңды болмаған шаралар көзделген. Кемінде 100 жаңа ірі нысан, яғни оқушылар сарайларын, жас техниктер станцияларын, балалар технопарктерін, музыка және өнер мектептерін салу жоспарланып отыр.
Бұл мектептен тыс ұйымдардың балалардың тұратын жерге жақын болуын қамтамасыз етеді.
«Қазір біз оқушылар сарайларын, музыка және өнер мектептерін жеке секторға беруді болдырмау үшін заңнамалық деңгейде шектеулер қойып отырмыз», — деді Асхат Аймағамбетов.
Орта білім бойынша
Министрдің мәлімдеуінше, қажетті оқу материалдарын цифрлық форматқа көшіру арқылы пәндерді оқытудың инновациялық тәсілдері енгізілетін болады.
Экологиялық білім беру сапасын арттыру тәсілдерін қайта қарау жоспарланып отыр.
Инфрақұрылымды дамыту бойынша
2029 жылға дейін қолайлы оқу жағдайлары бар жаңа 1,5 млн оқушы орнын енгізу міндеті тұр. Осы мақсатта 842 мың жаңа орын «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы арқылы беріледі.
Қосымша 600 мыңнан астам орын басқа тетіктер арқылы енгізілетін болады, олар – жалпы сипаттағы трансферттер, бюджеттік инвестициялық жобалар, білім беру инфрақұрылымын қолдау үшін белгіленген қор және мемлекеттік-жекешелік әріптестік.
Нәтижесінде бір ауысымдық оқыту форматына кезең-кезеңмен көшуге мүмкіндік болады.
Қалған мектептерге робототехника, химия, биология, физика бойынша 7 мың пән кабинеті қойылатын болады.
Жыл сайын шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда орналасқан мыңға жуық мектепті жаңғырту жүргізіледі.
Балалардың құқықтарын қорғау бойынша
«Бағдарламаға сәйкес жаңа кәсіби қабылдаушы отбасы институты енгізіледі. Бұл балаларды балалар үйінде емес, отбасында тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Әсіресе күрделі аурулары бар, бір отбасынан шыққан бірнеше бауырлары бар балалар үшін жақсы болмақ», — деді оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.
Қиын жағдайдағы балаларға қолдау көрсету орталықтарымен жұмыс жүргізіліп жатыр. Балаларды қолдау орталықтарының басты міндеті – қиын жағдайға тап болған және көмек пен қолдауға мұқтаж балалардың өміріне, оқуына және тәрбиесіне қажетті жағдайлар жасау.
Барлық колледждер, мектептер мен балабақшалар қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етіледі. Күзет агенттіктеріне қойылатын талаптар күшейтілетін болады.
«Оқу-ағарту министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы аясында берген тапсырмаларын сапалы іске асыру үшін бар күшін салады», — деді министр Асхат Аймағамбетов.