Оның айтуынша, осы жылдың 7 айында шикізаттық емес тауарлардың экспорты $14,2 млрд құрады. Қызметтер экспорты $2,1 млрд құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,7%-ға жоғары. Шикізаттық емес экспорттық тауарлардың ТОП-3-ін мыс пен мыс катодтары, ферроқорытпалар, уран құрайды.
Сонымен қатар, тауар себетін әртараптандырудың сапалы жақсаруы, экспорт географиясының кеңеюі байқалады. Негізгі нарықтар әдеттегідей Ресей, Қытай, Өзбекстан, Түркия және Нидерланды болып қала береді. Бұл ретте, ЕО елдеріне, Қытайға және Орталық Азия елдеріне жеткізілімдердің айтарлықтай өсуі тіркелді.
«Экспорттаушыларға қаржылық және қаржылық емес қолдаудың шараларын ұсыну жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда 100-ден астам компания халықаралық көшпелі сауда іс-шараларына қатысты: бұл 7 елдегі сауда миссиялары, Қытайдағы халықаралық көрме. Бірінші жартыжылдықта мемлекеттік қолдаудың нәтижесі $500 млн астам сомаға экспорттық келісімшарттар жасасу болды», – деді спикер.
СИМ вице-министрі атап өткендей, экспортты ілгерілету экожүйесін жақсарту бөлігінде белсенді заңнамалық жұмыс жүргізілуде. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында KazakhExport компаниясының базасында барлық қажетті құралдарды шоғырландыра отырып, экспортты ілгерілетудің толыққанды институтын құруды тапсырды.
Осыған байланысты Сауда және интеграция министрлігі экспорттық-кредиттік агенттік мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірледі. Заң жобасы экспорттық-кредиттік агенттіктің арнайы құқықтық мәртебесін құруға бағытталған, ол сақтандыру мен қайта сақтандыруға лицензиясыз әрекет ететін ЭКА қолында шикізаттық емес экспортты қаржылық қолдау мен дамытудың негізгі шараларын біріктіруге мүмкіндік береді.
«Біз Ресейдегі, Венгриядағы, Канададағы, Австралиядағы және Үндістандағы экспорттық несие агенттіктерінің халықаралық тәжірибесін талдадық, бұл ЭКА экспорттық операцияларды сақтандыруды, қайта сақтандыруды, кепілдендіруді және қаржыландыруды жүзеге асыратынын көрсетті», – деді Қ.Төребаев.
ЭКА құру жалпы алғанда ел экономикасының дамуына, экспорт географиясын кеңейтуге, халықаралық ынтымақтастыққа, өнімді сату және салық төлеу есебінен республикалық бюджетті толықтыруға, ЭКА қолдаған экспорттаушылардың жаңа жұмыс орындарын құруына елеулі үлес қосады деп күтілуде.