Оның хабарлауынша, қауіптілік деңгейі жоғары учаскелердің ең көп саны Солтүстік Қазақстан облысында – 112 учаске, Ақмола облысында – 61, Қарағанды облысында - 43 учаске байқалады. Дайындық жұмыстары аясында су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспарлары бекітіліп, іске асырылып жатыр. Бұл шараларға су тасқыны қаупі бар учаскелер мен жол құрылыстарын күнделікті тексеру, су тасқынына қарсы және авариялық жұмыстарды жүргізу үшін инертті материалдар  дайындау, сондай-ақ жүріс бөлігін, жол жиектерін, жол құрылыстарын қар мен мұздан тазарту кіреді.

«Жеделдік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, автожолдар мен жол құрылыстарына күнделікті патрульдеу жүргізіледі. Бұл шаралар ықтимал қауіптерге жедел ден қоюға және қажетті көмекті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Судың жоғарылауы кезінде жедел және тиімді реакцияны қамтамасыз ету үшін біз инертті материалдарды дайындауға белсенді кірістік. Қазіргі уақытта ресурстардың қомақты өлшемі дайындалды. Сонын ішінде шамамен 12 мың текше метр құм, 3 мың текше метр тас, 12 мың текше метр құмшағал қоспасы, 2 млн текше метр қиыршық тас және 50 мың қап дайын», – деді спикер.

Бұл шаралар су тасқынымен күресу үшін жеткілікті материалдар қорын қамтамасыз етуге ғана емес, сонымен қатар жедел іс-қимылдарға жоғары дайындыққа кепілдік беруге бағытталған. Құм, тас, құмшағал қоспасы мен қиыршық тасты қоса алғанда, инертті материалдардың бұл көлемі су тасқыны жағдайына байланысты әртүрлі қиындықтарды сәтті шешу үшін стратегиялық маңызды резерв болып табылады.

«Су тасқынына қарсы іс-шараларды қаржыландыру автожолдарды ұстауға бөлінген қаражаттан қамтамасыз етілетін болады. Бұл ретте біз өңірлердің ауа-райының климаттық жағдайларын ескереміз және жұмыстарды орындау кезінде өткен жылдардағы су тасқынының нәтижелеріне сүйенеміз. Реконструкциялау шеңберінде біз жасанды құрылыстарды орнату, үйіндінің биіктігін арттыру және су тасқыны қаупі бар учаскелерде еңістерді нығайту бойынша жұмыстар жүргіземіз. Ескі су өткізгіш құбырларды үлкен диаметрлі жаңа құбырларға ауыстыру және олардың санын көбейту жұмыстары жүргізілуде», – деді Ғ.Өтенбаев.

Сонымен қатар ведомство өкілі жұртшылықты жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге белсенді қатысуға шақырды. Жол төсемін су басқанына куә болған азаматтар 1403 нөмірі бойынша дереу хабарлау керек. 

Іс-шараларды үйлестіру үшін орталық және өңірлік деңгейлерде комиссиялар құрылды. Бұл әрекеттер алдағы су тасқыны кезеңінде жол қозғалысының қауіпсіздігі мен тиімділігін барынша қамтамасыз етуге бағытталған.