2030 жылға дейін бұл көрсеткіш 10 пайызды, 2050 жылы 50 пайызды құрауы тиіс. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді. Оның мәліметінше, республика бойынша, қуаты 1528 мВт құрайтын 110 жаңартылатын энергия көздері нысаны жұмыс істейді.

«Президент орта мерзімді кезеңде экономиканың өсуі «жасыл экономика» жағдайында ілгерілеуі тиіс деген болатын. Осы қағидаттарды басшылыққа ала отырып, министрлік қарқынды жұмыстар атқарып келеді. Жыл соңына дейін қуаты 165 мВт болатын 4 нысан пайдалануға берілмек. Егер 1500 мВт талдайтын болсақ, желге қатысты - 404 мВт, күн энергиясына - 891, гидро – 224 және биоэнергия – 7,82 мВт құрайды», - деді Н.Ноғаев.

Қазіргі таңда гидроэнергетиканы дамыту жөніндегі жоспарлар үкіметте бекітілді. Алдағы төрт жылда 13 гидроэлектр станциясы, 34 жел электр станциясы, 12 күн электр станциясы жобасы жүзеге асырылады. Осылайша 2025 жылға дейін министрлік жаңартылатын энергия көздерінен алынатын қуатты 3 мың мВт-қа жеткізуді жоспарлап отыр. Бұған толық мүмкіншілік бар.