«Ashyq» мобильдік қосымшасы 13 мыңнан астам бизнес субъектісінің қызметін қайта қалпына келтіруге көмектеседі. Қазіргі кезде ол Алматы, Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларында пилоттық режимде іске қосылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлады.

Коронавирус пандемиясы басталғалы бері бүкіл әлемдегі бизнестің жұмысына шектеу қойылды, кәсіпкерлердің табысы тұралап қалды. Бұл біздің елге де қатысты. 13 мыңнан астам бизнес субъектісі әлі күнге дейін өз қызметін қайта бастай алмай отыр. «Атамекен» ҰКП-ның қатысуымен бизнес-қауымдастық Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің тәжірибесін ескере отырып, «АSHYQ» пилотын іске асыруды ұсынды.

«Ashyq» мобильді қосымшасын «Атамекен» ҰКП, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысы бойынша отандық IT-компания әзірледі. Бүгінде пилоттық режимде «АSHYQ» қосымшасы Алматы, Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларында қызмет көрсетуге рұқсат етілген объектілерде іске қосылды. Атап айтқанда, фитнес-орталықтарда, спа-орталықтарда, бассейндерде, моншалар мен кинотеатрларда. Қазір 40 объекті «Ashyq» пилотына ерікті түрде қатысуда», - деді А.Цой.

«Ashyq» мобильді қосымшасы QR-код арқылы және Денсаулық сақтау министрлігінің ортақ базасымен интеграциялау есебінен келушінің мәртебесін анықтауға мүмкіндік береді: оның қазіргі уақытта вирустың тасымалдаушысы екенін, сондай-ақ объектілердің келушілерді қабылдауға әзірлігін және олардың санитариялық талаптарға сәйкестігін көрсетеді.

Министрдің атап өтуінше, QR-код тек бизнес субъектілеріне беріледі. Келуші «Ashyq» мобильді қосымшасын өз телефонына жүктеп, телефон нөмірі бойынша авторизациялаудан өтуі және мекеменің QR-кодын сканерлеуі қажет. «Жасыл» мәртебе - келуші деректер базасында СOVID-19-ға теріс нәтижесімен ПТР-тестілеуден өткен адам ретінде көрсетілген; «Көк» мәртебе - ПТР тестілеу нәтижесі жоқ, байланыста болған ретінде саналмайды; «Қызыл» мәртебе - СOVID-19-ға оң нәтижемен базада тіркелген.

«Түстерге бөлу әлеуметтік желілерде талқыланғандай, адамдардың өмірін «бақылауға» және «қадағалауға» арналмаған. Бұл науқасты анықтайды немесе адамның карантиндегі пациентпен жақын байланысы бары-жоғын көрсетеді», -деді министр.

«Аshyq» мобильді қосымшасын әркім өз еркімен қолданады және ол қауіпсіз орта қалыптастыруға, келушілерді вирус жұқтыру, індеттің таралу қаупінен қорғауға бағытталған, сондай-ақ бизнеске карантиндік кезінде қызметін жалғастыруға мүмкіндік береді.