Ақтөбеде Қазақстанда баламасы жоқ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған 300 орындық «Самғау» арнайы балабақшасы пайдалануға берілді. Президенттің тапсырмасына сәйкес, мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынған заманауи кешен өңірдегі арнайы мектепке дейінгі ұйымдардағы орын тапшылығын азайтып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға сапалы көмек көрсету мүмкіндігін кеңейтеді. Жобаның құны – 7,8 млрд теңге, деп хабарлайды Ақтөбе облысының әкімдігі.

Облыс орталығының Есет батыр тұрғын алабында орналасқан нысан шағын ауданда ерекше балаларға арнайы көмек көрсететін алғашқы мектепке дейінгі ұйым.

Балабақшаның материалдық-техникалық базасы және балаларға арналған кабинеттерді қарап шыққан Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров ата-аналар және ұжым мүшелерімен кездесуде өңірде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға сапалы білім алуға және жан-жақты қолдау көрсетуге жағдай жасау жұмыстары жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.

«Жаңа мектепке дейінгі мекемеде тәрбиешілер, арнайы педагогтер мен психологтер өзара тығыз байланыста жұмыс істеп, балаларға кешенді түзету-педагогикалық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетеді. Мұнда әр бала өз мүмкіндігіне қарай дамып, қажетті қолдауға ие болады», – деді Асхат Шахаров.

Аймақ басшысының айтуынша, соңғы екі жылда өңірде ерекше балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық көмек көрсететін бірнеше ұйым ашылды. Олардың қатарында психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті және арнайы мектепке дейінгі ұйымдар бар.

Инклюзивті білім беруді қолдау бағытында да бірқатар жоба жүзеге асырылды. Бір жылдың ішінде облыста 30 қолдау кабинеті іске қосылды.

Сондай-ақ облыстық арнайы түзету мектебіне 150 орындық қосымша ғимарат салынды. Тағы бір арнайы мектеп пен балабақшада күрделі жөндеу жүргізіліп, материалдық-техникалық базасы жаңа құрал-жабдықтармен толықтырылды.

«Самғау» балабақшасының құрылысы 2025 жылы басталып, 2026 жылдың қараша айында аяқталды. Ғимараттың жалпы ауданы 20 мың шаршы метрден асады. Құрылыс жұмыстарын «Қазстройподряд» ЖШС жүргізді.

Балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы Айкен Нұрсейтованың айтуынша, екі қабатты кешен 24 топқа арналған және алты функционалдық блоктан тұрады. Нысанның басты ерекшелігі – әр блок балалардың белгілі бір санатына бейімделіп, олардың қажеттіліктеріне сәйкес арнайы жабдықталған.

«Бірінші блок тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға, екінші блок көру қабілеті бұзылған балаларға арналған. Үшінші блокта сөйлеу тілінде кемістігі бар, төртінші блокта интеллектуалдық дамуында ерекшеліктері бар балалар тәрбиеленеді. Бесінші блокта әкімшілік және қосалқы бөлмелер, бассейн, асхана, медициналық кабинеттер мен акт залы орналасқан. Алтыншы блокқа орталық кіреберіс, табиғи жарық түсетін қысқы бақ және барлық корпусты байланыстыратын өтпелі аймақ кіреді. Әр блокта логопед кабинеттері, сенсорлық-релаксациялық және Монтессори кабинеттері, музыкалық-дене шынықтыру залдары, суық мезгілде серуендеуге арналған жабық террасалар мен ата-аналармен кездесуге арналған демалыс кеңістіктері қарастырылған», – деп түсіндірді Айкен Нұрсейтова.

Сонымен қатар кешенде балалардың денсаулығын нығайту және қабілеттерін дамытуға арналған барлық жағдай жасалған. Мұнда бассейн, спорт және музыкалық залдар, массаж кабинеттері жұмыс істейді. Ата-аналар үшін арнайы консультациялық пункт қарастырылған.

Балалармен арнайы педагогтер, дефектологтер, логопедтер, педагог-психологтер, тәрбиешілер, әдіскерлер және дене шынықтыру нұсқаушылары жұмыс істейді. Сондай-ақ медициналық қызмет көрсету үшін невропатолог пен психиатр мамандары қарастырылған. Балабақшаның штаттық құрамы – 202 адам.

«Самғау» балабақшасына қабылдау қараша айының басында басталды. Қазіргі таңда мекемеге 168 бала қабылданған. Жалпы балабақша 300 тәрбиеленушіге шақталған.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, бүгінде өңірде арнайы мектепке дейінгі ұйымдарға кезекте 743 бала тұр. Оның 740-ы Ақтөбе қаласында, үшеуі облыс аудандарында тұрады.