Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен сараптамалық баспасөз маслихатында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов мәлімдеді. Оның айтуынша, «Әліппе» деген ұғым қазақ халқының ұғымында, түсінігінде, дүниетанымында қастерлі пән ретінде қалыптасып қалған. Сондықтан «Әліппе» күн тәртібінен түсіп қалғанда халық іздеді.

«Алғаш «Әліппені» А әрпінен бастағаннан бастап баланың жүрегінде ұлттық рух қалыптасатын болса, ол азамат ертең өз елінің ұлттық патриоты болып қалыптасатыны айдан анық. Сондықтан әріптердің, дыбыстардың реттілігінің бәрі А.Байтұрсынов анықтаған ұстанымдармен келуі - бұл жаңа «Әліппенің» үлкен ұлттық рухтағы жаңалығы», - деді К.Матыжанов.

Оның айтуынша, «Әліппе» сауат ашуға ғана емес, балаға сөйлеуге, тілдің мәнін, тілдің ерекшелігін білдіретін әдебиетпен де тікелей байланысты.