Әкімдік үшін басты мәселе - карантиндік шаралардың теңгерімін және жұмыс істеп тұрған экономиканы қамтамасыз ету. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәл осындай міндетті алға қойды. Бұл қағиданы жүзеге асыру жөніндегі шаралар туралы Алматы басшысы Бақытжан Сағынтаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтып берді.

Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 4 қазанынан бастап Алматы халықаралық әуежайының аумағында шаралар күшейтілді. 32 мониторингтік топ 4 мың нысанды тексеріп, мың бұзушылықты анықтады.

«2 қарашадан бастап балалар мен қарттарды үйде тегін профилактикалық медициналық тексеру науқаны басталды. 65+ жастағы 80 мың қала тұрғыны, сондай-ақ нөлден 16 жасқа дейінгі 100 мыңға жуық бала қамтылады. Жалпы алғанда, 128 мыңға жуық адам, оның ішінде 66 356 бала медициналық тексеруден өтеді. Пандемиямен күресу үшін биыл цифрлық әкімшілендіру мүмкіндіктері кеңінен пайдаланыла бастады, қаланың IT компанияларымен бірлесіп, денсаулық сақтауға баса назар аударатын жобалар іске асырылды. Көп адам жиналған орындарды анықтайтын жүйе қолданылады, жедел жәрдем жұмысын оңтайлы басқару, БМСК қадамдық қолжетімділігін айқындау, қаланың стационарлары мен дәріханаларында дәрілік препараттардың қойма қорларын басқару жөніндегі платформа енгізілді. Қазіргі кезде COVID-19 қарсы жаппай вакцинациялау үшін жағдай жасалуда», - деді мегаполис басшысы.

Атап айтқанда, медицина кадрларын даярлайды, қосымша тоңазытқыш жабдықтарын сатып алу мәселесі пысықталуда. Бірінші кезекте, тәуекел топқа жататын адамдар егіледі.