Қазіргі кезде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде заң аясында алып-қашпа әңгімелер көп таралуда. "Баланы алып қояды" деген өтірік ақпарат. Баланы ата-анадан айыру құқығы ешкімге берілмеген. Орталық коммуникациялар қызметінде балалар құқығын қорғау бойынша кейбір заңнамалық актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру бойынша өткен брифингте ҚР Парламенті Мәжілісінің VII шақырылым депутаты Елнұр Бейсенбаев осылай деді.

Баланы алып қою сот шешімімен, ұзақ уақыт жүргізілетін, дәйектер мен дәлелдерді талап ететін процедура.

«Бұл Еуропадан келген, арнайы дәстүрімізге қарсы жүргізіліп жатқан саясат. Енді бала бізбен қатар болады, біз ата-ана ретінде қарастырылмаймыз, оның қамқоршысы боламыз деген қауесет те бар. Бұл да өтірік. Бұлардың ешқайсысының негізі жоқ. Ата-ананы тікелей растайтын құжат – баланың туу туралы куәлігі. Сол жерде оның ата-анасы кім екені көрсетілген. Ол мәңгі сол баланың ата-анасы болып қалады», - деді халық қалаулысы. Елнұр Бейсенбаев «буллинг сөзі» ЛГБТ және т.б. дүниелермен байланысты деген ақпаратты да жоққа шығарды. Кейбір азаматтар әлеуметтік желілерден алынған негізсіз ақпараттарды таратады, түрлі конвенцияларды келтіріп жатады. «Олардың балалар құқығына ешқандай қатысы жоқ, бұл туралы жазылмаған, бұл конвенциялар бізде расталмаған, қол қойылмаған, біздің мемлекетке қатысы жоқ мәселелер, осындай әңгімелер өте көп. Ата-аналардан олардың ешқайсысына сенбеуін сұраймыз», - деді Е.Бейсенбаев.

Оның айтуынша, қазіргі кезде әлеуметтік желілерде шынайы емес ақпарат таратқан, жазылушылары көп азаматтармен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, тікелей эфирлер ұйымдастырылуда.

Сонымен қатар, спикер заңнамаға түзетулер енгізу кезінде баласын қараусыз қалдырған ата-аналарға қатысты жауапкершілікті күшейту мәселесі көтерілмегенін атап өтті.

«Заң нормаларына өзгертулер енгізу аясында тікелей Әкімшілік-құқықтық кодекске, Қылмыстық кодекске ешқандай өзгертулер енгізу қарастырылып отырған жоқ. Бұл жерде тек «Білім беру»,«Балалардың құқығын қорғау»,«Тұрғын үй қатынастары» және т.б. заңдар қамтылған. Тікелей жауапкершілікті арттыратын немесе негізге алатын заңнамаларға немесе кодекстерге өзгертулер енгізу көзделмеген», - деді Е.Бейсенбаев.