«Даму» Қоры – микро, шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекет қолдауын ұсынатын негізгі ұлттық институт. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында қордың басшылық құрамы баспасөз конференция өткізді.

Қор негізінен 4 қаржылық құрал ұсынады. Олар, жеңілдікпен несиелендіру; сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау; несиеге кепіл болу; онлайн оқыту және клиентті қаржы иституттарына дейін жетелеу.

Осы аталған қаржы құралдарын пайдалана отырып, Қор 85 мың жобаға 5,3 трлн теңге бөлген.

Басқарма төрайымы Гаухар Бурибаеваның айтуынша, өткен жылы Қор қазақстандықтардың бизнеспен айналысуына жағдай жасауға баса назар аударған. Дәл қазіргі кезде әлемдік экономиканың дамуында шағын және орта кәсіпкерлік – тұрақты жұмыс орындарының ашылып, көбейе беруінің негізі болып отыр. Бұл өз кезегінде халықтың әл-ауқатының көтерілуіне серпін береді. Экономиканы диверсификациялау мен табиғи ресурстарға тәуелділікті төмендету үшін шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту керек.

2019 жылы ҚР Үкіметі «Қарапайым заттар экономикасы» атты басымдық берілген жобаларды қолдау бағдарламасын іске қосты. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бекітілді. Шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсететін бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жетілдірілді. Қор осы бағдарламаларды жүзеге асырудағы негізгі қаржы операторларының бірі.

Қор ҚР Ұлттық қор есебінен өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындарды қолдау бағдарламасын, «Еңбек» бағдарламасын, АДБ және ЕҚДБ қаражаты есебінен шағын және орта бизнестегі аруларды қолдау бағдарламаларын, Әкімдіктермен бірлескен және шағын және орта бизнес субъектілерін қолдаудың басқа да бағдарламаларын өз қаражаты немесе сырттан тартылған қаражат есебінен жүзеге асырып келеді. Жалпы алғанда ЕДБ, МҚҰ арқылы жеңілдікпен қаржыландыру бағдарламасы бойынша 61 мың борышкерге жалпы сомасы 2,2 трлн теңге несие берілген. 2019 жылы 18,7 мың жоба 228 млрд теңгеге қаржыланған.

2019 жылы барлық бағдарламалар бойынша сыйақы мөлшерлемесі субсидияланған жобалар саны 2 641-ге жетіп, несие сомасы 269,8 млрд теңге болып, өсім 80 пайызға артты. Несие сомасы 36%-ға артқан. Жалпы алғанда, өткен жылы субсидияланған 15,5 мың жоба 2,8 трлн теңгеге қолдау алған.

2019 жылы кепілдік беретін барлық бағдарламалар бойынша қолдау алған жобалар саны 2 673-ге жетті. Бұл – 2018 жылмен салыстырғанда 38%-ға артық. Несие сомасы 102,7 млрд теңгені құрады, ал кепілдік сомасы 40,4 млрд теңге. Жалпы алғанда, бағдарлама жүзеге асырылған уақыт ішінде кепілдендіру құралы арқылы 8,6 мың жоба 302 млрд теңгеге қолдау алған.

«Даму» Қоры 2019 жылы 23,5 мың кәсіпкерге қолдау көрсеткен, ал Қор бағдарламалары бойынша қаржыландырылған несие сомасы 600 млрд теңгедан асты.

Тұрақты институционал дамудың стратегиялық бағдарламасы аясында Қорда барлық негізгі бизнес-процестер автоматтандырылды. Өткен жылы онлайн қызметтер көрсету және өтінім қарау уақытын қысқарту, сонымен қатар клиенттерге қосымша қолдайлы жағдай жасау үшін online.damu.kz. порталы ашылды.

Порталда кәсіпкерлер:

  • Өз жобасының мемлекеттен көмек алу/сәйкестік (сала/өңір) мүмкіндігін тексеріп;
  • Субсидия немесе кепілдікке, жеңіл несиеге өтінімді online режимде беруге мүмкіндігі бар.

Былтыр отандық кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 67,5 млрд теңге тартылды. Оның ішінде Азия даму банкінен 35,3 млрд теңге бар. Әріптестік жөніндегі 8 меморандум/келісімге халықаралық ынтымақтастық аясында қол қойылды.

Мемлекеттен қолдау алған кәсіпкерлер Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып жатыр. Атап айтқанда, Қор қолдаған кәсіпкерлер былтыр 5 471 млрд теңгенің өнімін шығарған, 443,2 млрд теңге салық түсіріп, 8,7 мың жұмыс орнын ашқан.

2019 жыл ішінде алдын-ала мәліметтер бойынша Қор қолдау берген клиенттер 5 550 млрд теңгенің өнімін шығарып, 450 млрд теңгеден астам салық түсірген.

2020 жылы «Даму» Қоры дамудың бірнеше негізгі бағытын айқындады.

Олар:

  • Микро және шағын бизнестегі кәсіпкерлердің мемлекеттік жеңілдікті несиеге қол жеткізуін одан әрі қамтамасыз ету (МҚҰ санын көбейту, Қор салатын қаражат 4 млрд теңге);
  • МҚҰ арқылы ұсынылатын қаржылық өнімдер санын көбейту арқылы кепілдікті арттыру, лизинг және факторингке берілетін жаңа кепілдік шарттарын енгізу, «Өңірлік кепілдік» және т.б енгізу;
  • Қаржыландырудың альтернатив механизмдерін енгізу, оның ішінде құнды қағаздар шығару ісі;
  • Ислам қаржыландыру құралын қосу;
  • 2020 жылы мамыр айында отандық өндірушілердің «Ulttyq ónim» көрмесін өткізу;
  • ШОБ дамыту үшін сырттан 50 млрд теңгеге дейін қаражат тарту;
  • Кәсіпкерлікті дамытудағы халықаралық қаржы институттары және мекемелерімен әріптестікті әрі қарай дамыту.

Сөз соңында Басқарма төрайымы Гаухар Бурибаева «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының микро, шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының дамуына баса назар аударып, кәсіпкерлердің өзара ынтамақтастығын арттырып, жүзеге асырылатын жобалардың тиімділігін арттырып, олардың сырттағы сауда айналымына серпін беріп, Қазақстанды жайлы бизнес климатты ел ретінде насихаттауды жалғастыратынын мәлімдеді. Қор микро, шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының ел экономикасындағы ІЖӨ үлесін 2050 жылға қарай 50%-ға арттыруды көздейтін стратегиясын жүзеге асыруға белсене қатысады.

Қор қызметі микро, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жаңа кәсіпорынарды арттыру, импортты алмастыру, өңдеу өнекәсібі әлеуетін көтеру және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.