ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Әділет министрлігі Заңға тәуелді актілер департаментінің директоры Арман Кенжеғалиев дәрі-дәрмектің шекті бағасын арттырғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте (426-бап) жауапкершілік қарастырылғанын хабарлады.

Спикердің айтуынша, бұл істермен Денсаулық сақтау министрлігінің тауар және қызмет сапасын бақылау комитеті айналысады.

«Егер мұндай фактілер анықталған жағдайда, азаматтар осы комитетке немесе оның аумақтық бөлімшелеріне жүгінулері қажет. Осы мақсатта арнайы Call-орталықтар жұмыс істейді», - деді А. Кенжеғалиев.

Сондай-ақ, салалық министрліктің өкілі халыққа жалған ақпарат таратқаны үшін бас бостандығынан айыруға дейін айыппұл салу түріндегі қылмыстық жауапкершілік туралы еске салды.

«Сондықтан азаматтарды көрінеу жалған ақпарат таратудан тартынуға, мұндай әрекеттер үшін жауапкершілікті болдырмау үшін заңнама талаптарын сақтауға шақырамын», - деді заңгер.