Қызылорда облысының бұрынғы басшысы жария еткен әуежайды салуға болмайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында белгілі болды. Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, жоба тым қымбат.

«Бұл ірі жоба, бірақ ол өте қымбат, 18 млрд теңгеге. Дағдарыс кезеңінде бұл жобадан бас тарттық. Бізге жақын жерде Түркістанда үлкен әуежай салынды, Байқоңыр қаласында «Крайний» әуежайы бар. Сондықтан қазіргі әуежайды кеңейту және қайта жасау туралы шешім қабылдадық. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жыл басында дайын болады. Құны да қолайлы, шамамен 1,5 млрд теңге. Стандарттар бойынша барлық жағдай жасалады: бұл таспаларда жүк қабылдау, тіркеу, күтуді ұйымдастыру мәселелері және т.б.», - деді әкім журналистің сұрағына берген жауабында.

Өңір басшысы жұмыстарды жүргізуге арналған конкурс әлі өткізілмегенін, бірақ отандық мамандарға басымдық берілетінін атап өтті.