Биыл шілде айында жастарға арналған «Елбасы медалі» - ауқымды челленджі іске қосылды. Жобаға 14-29 жастағы жастар қатысады және бағдарлама аясында 7 бағыт қарастырылған. Атап айтқанда, спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, еріктілік, саяхат пен жорықтар және еңбек тәжірибесі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры директорының орынбасары Әнуар Жанғозин мәлімдеді.

«Қатысушылар үш деңгейді таңдайды: қола, күміс немесе алтын, сондай-ақ 6 айдан 18 айға дейін әр бағыт бойынша белгілі бір қызметті орындайды. Қазіргі уақытта жобаға 11 мыңнан астам қатысушы тартылған. Бағдарламаның артықшылығы – оның әр қатысушысы басқалармен емес, тек өзімен бәсекелеседі. Күн сайын өзін-өзі дамытумен айналысып, күн сайын кешегіден гөрі жақсы болуға ұмтылады. Жыл соңына дейін алғашқы 300 қатысушыға қола медаль табысталады», - деді Ә.Жанғозин.