Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев елді ауқымды көгалдандыру ведомствоның басым міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда орманды жерлерді ұлғайту мәселесін шешу үшін ҚР Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша Ормандарды молықтыру мен орман өсірудің кешенді жоспары әзірленуде.

«Қазақстан орман алқабы аз мемлекеттер қатарына жатады. Орман қорына жататын жерлердің жалпы көлемі 30 млн гектарды құрайды және республикамыздың 11% пайызын алып жатыр. 13 млн гектар жерде орман өсуде. Ормандылық көрсеткіш 4,8% құрайды. 2030 жылға қарай елдің ормандылығын 5% пайызға дейін ұлғайту жоспарлануда. 5 жыл ішінде орман қорында 2 миллиард және елді-мекендерде 15 млн ағаш отырғызылады. Бұл бағытта Министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп өңірлер бойынша ағаш отырғызу көлемдерін анықтады»,- деп атап өтті министр.

Ресми мәліметтерге сәйкес, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстарының шөлді жерлерінде ағаш санын көбейтуге назар аударылады. Бұдан бөлек, ұлттық парктер мен автомобиль, теміржол бойларында көшеттер отырғызылады.