Елорда маңындағы елді мекендерге баса назар аударылады. Кешенді жоспар және қала маңын дамыту аясында инфрақұрылымдық жобаларға 18,2 млрд теңге бағытталды, Жұмыспен қамту жол картасы бойынша қосымша 7,3 млрд теңге бөлінді.

«Елорда маңындағы аймақты дамытуға салынған инвестицияның өсу динамикасын атап өткім келеді. Егер 2017 жылы 7,4 млрд теңге, 2018 жылы - 8,5 млрд теңге бөлінсе, 2019 жылы қаржыландыру 2 еседен артық – 18,3 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Ал биыл 25 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді», - деді әкім.

28 шақырым кентішілік жолдар жөнделді. Орталықтандырылған сумен жабдықтау Целиноград ауданының 5 ауылында - Қажымұқан, Шұбар, Жаңа жол, Төңкеріс, Фарфоровый ауылдарына тартылды. Әлеуметтік нысандар қатарында – Целиноград ауданында 4 жаңа мектеп ашылды, оның 3-і үш ауысымды оқытуды жоюға арналған.

Кешенді жоспарды іске асырудың келесі 3 кезеңі аясында 430 км ауыл жолдарын жөндеу жоспарланған, жаңа қосалқы станцияларды салу есебінен қала маңындағы 4 мың абонентті электрмен жабдықтау мәселесі шешілетін болады, тағы 10 елді мекенде орталықтандырылған су тартылады, әрқайсысы 900 орындық 3 ауыл мектебі салынады.

«Көп нәрсе жасалып жатқанына қарамастан, қала маңындағы ауылдар тез өсуде, сәйкесінше қосымша инфрақұрылым қажет және бәрін бірден шешу мүмкін емес. Жалпы, алдағы 3 жылда 78 млрд теңгенің 48 жобасын жүзеге асыру жоспарланған», - деді аймақ басшысы.