18 наурызда Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Алматы қаласында өтетін Кәсіби бокс кешіне арналған баспасөз конференциясы өтті.

Шараның спикерлері - «Хабар» телеарнасының Бас продюсері Айдос ТҰРЫСБЕК, "Suleimen promotions» промоутерлік компаниясының спорт директоры Калихан АКДРАШЕВ, сондай-ақ боксшылар: Айдос ЕРБОСЫНҰЛЫ, Садриддин АХМЕДОВ және Нұрсұлтан ЖАҢАБАЕВ.

Бокс кеші 24 наурыз күні сағат 22.00-де «Хабар» телеарнасы арқылытікелей эфирден көрсетіледі. Тартысты кездесудің басты жекпе-жегінде Айдос Ербосынұлы, Садриддин Ахмедов және Нұрсұлтан Жаңабаев сынды спортшылар жұдырықтасады

Кеште қазақстандықтармен қатар қатар Ресей, Африка, Венесуэла, Индонезия, Өзбекстан, Грузия және өзге мемлекеттердің спортшылары айқасады.

«Хабар» телеарнасы спорт әлеміндегі басты оқиғаларды назардан тыс қалдырған емес. Байрақты бәсекелерде бақ сынап жүрген қазақстандық спортшыларға әрдайым қолдау білдіріп келеді. Бұл жолы көрермен үлкен бокс кешінің куәгері болады. Кәсіби бокстың шаршы алаңында жеңіліс дәмін көрмеген оғландарымыз беделді әлемдік титулдар үшін жекпе-жекке шығады. Былғары қолғап шеберлерінің айқасы өте тартысты болғалы тұр. Көрермендерді жерлестерімізге жанкүйер болуға шақырамыз», - дейді «Хабар» арнасының Бас продюсері Айдос Тұрысбек. Қазақстандық спортшылар туралы ақпарат:

Айдос Ербосынұлы (10-0-8KO) екінші жартылай орта салмақта Оңтүстік Африкалық боксшы Лукас Ндафолуммен (15-1-6КО) қолғап түйістіреді. Бұл жекпе-жекте WBA INTERNATIONAL чемпиондық белбеуі тартысқа түседі және отандасымыз WBC ASIA және WBO GLOBAL белбеулерін қорғап қалу керек. Айдос Ербосынұлы кәсіби бокста 10 кездесу өткізіп, барлығында жеңіс тұғырынан көрінген, оның ішінде 8 кездесуі нокаутпен аяқталған. 27 жасар спортшы 11 жасынан бастап бокспен айналысады. 16 жасында бокстан спорт шебері атанған.

Әуесқой бокстағы жетістіктері: көптеген халықаралық турнирлердің чемпионы, Қазақстан кубогының чемпионы, Қазақстан чемпионатының күміс және қола жүлдегері, Astana Arlans құрамында әлемдік серия чемпионы. Кәсіби бокстағы жетістіктері - WBA,WBC нұсқалары бойынша Азия чемпионы, WBO GLOBAL белбеуінің иегері. Нұрсұлтан Жаңабаев (6-0-4КО) WBA Intercontinental чемпиондық белбеуі үшін венесуэлалық Иван Матутемен (28-1-23 КО) жұдырықтасады. Жаңабаев кәсіби бокста 6 рет кездесу өткізіп, барлығында жеңіп, оның 4-ін нокаутпен аяқтаған. Бокспен 15 жасынан бастап айналысады. Қазақстан Республикасының спорт шебері. WBC Asia нұсқасы бойынша Азия чемпионы.

Садриддин Ахмедов (7-0, 7 КО) WBC Asia чемпиондық белбеуі үшін индонезиялық боксшы Джон Рубамен (17-5-1, 9КО) жекпе-жек өткізеді. Садраддин кәсіби алаңда 7 рет кездесу өткізіп, барлық қарсыласын нокаутпен жеңген. Кәсіби бокс кеші «Хабар» телеарнасында 24 наурыз күні сағат 22.00-де көрсетіледі.

Қосымша ақпарат алу үшін төмендегі мекен жайға хабарласыңыз media@khabar.kz, 8 (7172) 757 603, 757 553 www.khabar.kz | facebook.com/ KhabarTV | vk.com/ KhabarTV | twitter.com/KhabarTV | Instagram.com/KhabarTV