Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлау науқанын өткізуге байланысты Ішкі істер органдарының барлық жеке құрамы қызмет атқарудың күшейтілген түріне ауыстырылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров мәлімдеді. Ол сайлауда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету туралы баяндады.

Оның айтуынша, құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 40 мыңға жуық полицей тартылған.

«Бүгінде еліміздегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті 40 мыңға жуық ішкі істер органдарының қызметкерлері қамтамасыз етуде. Оқиғаларға, оның ішінде дауыс беру орындарында болуы мүмкін құқықбұзушылықтарға жедел ден қою үшін қосымша жедел-тергеу топтары құрылды, олардың құрамында прокуратура қызметкерлері де бар», - деп атап өтті ІІМ өкілі.

Сайлау учаскелеріндегі жағдайға келер болсақ: бюллетеньдер апарылмай тұрып, барлық сайлау учаскелері қауіпсіздік тұрғысынан тексеруден өтті. Полицейлердің бақылауымен бюллетеньдердің барлығы учаскелерге еш кедергісіз жеткізілді», - деді Заппаров.