Әуе қатынасы шеңберінде барлық ішкі рейстер толық көлемде сақталады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев мәлімдеді.

Оның ақпараты бойынша, бүгінгі таңда ішкі рейстер 45 бағыт бойынша жүзеге асырылады, апта ішінде 500 рейс, күніне 71 рейс орындалады. Олардың барлығы кесте бойынша сақталады және өзгермейді.

Спикердің айтуынша, бүгінгі таңда халықаралық рейстер екі бағыт бойынша – Түркия мен Оңтүстік Кореяға орындалуда. Сонымен қатар, Т. Ластаевтың айтуынша, 4 шілдеден бастап Қазақстан азаматтарының Түркияға келуі шектелген. Түркияда тұруға және жұмысқа рұқсаты бар азаматтар ғана бара алады. Қалған азаматтарға кіруге тыйым салынады. Осыған сәйкес, осы елге ұшулар бұрын қазақстандық авиакомпаниялар әкелген жолаушыларды шығару мақсатында орындалатын болады.

«Қазақстандық авиакомпаниялар тарапынан азаматтарымызды шығару бойынша барлық міндеттемелер орындалады», - деп сендірді Т. Ластаев.

Азаматтық авиация комитетінің басшысы атап өткендей, барлық әуе рейстері санитарлық қауіпсіздіктің күшейтілген шаралары бар бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес қатаң орындалады.

«Жолаушыларды осы шараларға түсіністікпен қарап, әуежайға алдын ала келуді, сондай - ақ уәкілетті органдар тарапынан қойылатын барлық талаптарды орындауды сұраймыз» - деп толықтырды Т.Ластаев.